Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі «Руханият орталығында» құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.



Бүгінде халықпен кездесудің осындай форматының жұртшылыққа тиімділігі айқындалып келеді. «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында.


Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй, жұмыспен қамту және жер үлесі мәселелерін көтерді.
Тереңөзек кентінің тұрғыны баласын тұрақты жұмысқа орналастыру жайын қозғаса, зейнеткер Қызылорда қаласынан тұрғын үй беруді сұрады. Ал, Қалжан ахун ауылының тұрғыны құқық қорғау органдарының шешіміне келіспейтінін жеткізді.

Облыс әкімі әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын айтты. Тұрғындардың сұрақтары бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырма берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына өз мәселесін жеткізген сырдариялықтар заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 50-ден астам азаматтың өтініші қаралды. Ал, облыс әкіміне 20-ға жуық тұрғын өз сұрақтарымен келді.
Қабылдаудан кейін облыс әкімі «Руханият орталығына» жиналған аудан ардагерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы маңызды мәселелерді талқылады.



Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!