Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне демалысқа баруды жоспарлаған қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жасады.
«Таяу Шығысқа демалысқа баруды жоспарлап отырған барлық азаматтарға үндеу жасағым келеді. Біз бірнеше күннен бері күн сайын өзгеріп жатқан өте тұрақсыз геосаяси жағдайды бақылап отырмыз. Соған қарамастан, біздің елден рейстер осы елдерге толы күйде ұшып жатыр. Мысалы, кеше Air Astana бірнеше рейсті тоқтатты. Бұл жағдайда адамдарды кері қайтару мәселесі туындайды. Бұл – үлкен бас ауруы. Сондықтан бұл елдерге демалысқа бармас бұрын, жақсылап ойланып, салмақты шешім қабылдауыңызды тағы да сұраймын. Өз қауіпсіздігіңізге өзіңіз жауаптысыз», – деді Смадияров.
Министрлік өкілі шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау дипломаттардың басты назаирында екенін атап өтті. Смадияров қажет жағдайда Қазақстан барлық қажет көмекті көрсететінін, алайда «мемлекеттің ескертулеріне құлақ асудың маңызды екенін» баса айтты.
«Қазір Таяу Шығыс аймағы қауіпті болып тұр. Сондықтан осы елдерге демалысқа ұшпас бұрын, тағы бір рет жақсылап ойланып, салмақты шешім қабылдау қажет. Әзірге әуе рейстері ұшып жатыр, бірақ кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін. Сол кезде адамдарды Қазақстанға қайтару мәселесі үлкен мәселеге айналады», – деді министрлік өкілі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!