Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы», «2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамы», «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюжеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы» заң жобалары, алдағы жылу маусымына дайындық барысы, Үкімет қаулыларының жобалары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Отырыстан кейін көтерілген мәселелер бойынша сала басшыларына жиын өткізіп, тапсырмалар жүктеді.
«Биылғы 7 айдың қорытындысымен өңірімізде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Дегенмен, әлеуметтік- экономикалық дамудың макрокөрсеткіштерін орындау бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Өңдеу саласында 13,4 пайыздық өсім бар. Ауыл шаруашылығы басқармасы, егін жинау науқанының уақытылы өтуін қамтамасыз етіңіздер. Облыстық құрылыс басқармасы, бюджеттен тыс көздер арқылы салынып жатқан нысандардың есебі, айлық, тоқсандық, жылдық есептемелері статистика органдарына толық ұсынылуы тиіс. Бұл жұмыстар қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп атқарылуы керек. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, жылдық жоспарды орындау бағытындағы жұмысты ұйымдастырыңыздар. Қалыптасқан жағдай бюджет қаражатын неғұрлым ұтымды әрі нақты мақсаттарға жұмсауды талап етеді. Аймағымыз субвенциялы өңірлер қатарында. Әрбір жобаның қаржыландырылуы аса маңызды. «Бюджет кодексіне» сәйкес заң жобалары алдағы уақытта Парламенттің қарауына ұсынылады. 2026 жылға арналған республикалық бюджетті, үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін бекіткенде барлық жобамызды қаржыландыруға қол жеткізуіміз керек. Облыстық экономика және қаржы басқармасы облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін өңіріміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әкімдіктің қарауына енгізіңіздер. 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыруда заң жобасында көрсетілген бюджет параметрлерінің сақталуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында алдағы жылу маусымына қатысты мәселелер де қаралып, міндеттер айқындалды. «Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Облыста мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту басқармалары, нысандардың толығымен дайын болуын қамтамасыз етіңіздер.
Білім мекемелерінің дайындық паспорттарын жаңа оқу жылына дейін, басқа әлеуметтік нысандардың құжатын қыркүйек айының 20-сына дейін алыңыздар.
Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету өте маңызды. Коммуналдық кәсіпорын басшылары «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы, «Қызылорда су жүйесі», «Сыр суы» филиалы, «ҚазақГаз Аймақ», «Интергаз», «Қызылорда газ тарату» мекемелері барлық жүйе мен нысанды 25 қыркүйекке дейін сақадай сай етіңіздер. Жылу беру маусымы кедергісіз, үздіксіз өтуі керек», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, жылу желілерін жаңғыртудың 6 жобасын іске асыруға бюджеттен қаржы бөлінген. Бүгінде жұмыстың 67 пайызы орындалды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!