Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тамыз кеңесі: Цифрлы әлемде білім мен тәрбие беруде талап жоғары

20.08.2024

484 0

Кеше өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаетың қатысуымен «DIGITAL KAZAKHSTAN: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, облыстық сот төрағасы мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен аймақ ұстаздары қатысты.

Тамыз кеңесін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

– Жылдағы дәстүр бойынша өздеріңізбен тамыз кеңесінде білім саласындағы жетістіктерімізді саралап, алдағы шешілуі тиіс жұмыстарды бірге талқылайтын боламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Әрбір ата-ана саналы  ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет» деген болатын.

Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты тетігі, стратегиясы сапалы білімге негізделген. Білім сапасын арттыру, педагогтер қауымы мен оқушыларға жайлы жағдай жасау бүгінгі күннің алғышарты саналады. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарасымыз және азаматтық ұстанымымыз. Біздің оқу- ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген.

Биылғы тамыз кеңесінің «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» атауын еншілеуі – білім саласын цифрландыруды әрі қарай жалғастыру қажет екендігінің бір дәлелі.

Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 %-ын (бюджет 732,8 млрд теңге) құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,5%-ға артық (2023жылы 241,5 млрд теңге).Тиісінше, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артады. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды болдырмау – білім саласындағы басым бағыттардың бірі.

Осы жылы балабақшаларды қаржыландыруға 53,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артты (2023 жылы 43,9 млрд теңге). Өткен жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы жетістіктеріміздің бірі – Face ID мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл арқылы балабақшаға нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде 3 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды.

Қазір үйірмелерге нақты келген  балаларды есепке алу үшін аталған жүйені мәдениет және спорт саласына енгізудеміз. Бәлкім, бұл жұмыстар оңай ақша тауып үйреніп қалған кейбір кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, біз цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды енгізіп, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнататын боламыз», – деді Н.Нәлібаев.

Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов «Қызылорда облысында білім беру саласында атқарылған жұмыстар және міндеттер» тақырыбында баяндады.

Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова мен «Bilim Land» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы ұстаздар қауымына жаңа идеялар мен тың тақырыпта ой қозғады.

Сырдария ауданындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 11-сынып бітіруші түлегі, бірнеше грант иегері Асылжан Абдуллаев ұстаздарға алғысын жеткізді.

Конференция барысында бірқатар ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Арнайы білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломдары, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ең қуантарлық жаңалық, облыстың «Үздік орта білім ұйымы» 34 млн теңгенің грантын Жалағаш ауданындағы Әл- Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі жеңіп алды.

Гаухар Асқарқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: