Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардағы теміржол вокзалдарының құрылысы және жалпы құрылыс мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға сала басшылары қатысып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
Аймақ басшысы жоба-сметалық құжаттардың оң қорытындысын белгіленген мерзімінен бұрын алу үшін нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Құрылыс тұрақты бақылауда екенін атап өткен өңір басшысы мердігер мекемелерге сапаны басты назарда ұстауды ескертті. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне құрылыс барысын күнделікті бақылау, жоспардағы жұмысты уақытылы әрі талапқа сай етіп орындау міндеттелді.
«Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі де жоғары болуы тиіс. Келушілерге жағымды әсер қалдыру үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырыңыздар. Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзал маңын абаттандыруды, көгалдандыруды және санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, облыс аумағынан 1051,7 шақырым магистральдық теміржол желісі өтеді. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қарасты 8 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті бар.
2023 жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн. теңгеден астам қаржыға Қызылорда теміржол вокзалы ғимараты мен іргелес аумағы күрделі жөнделіп, абаттандырылды.
Былтыр Мемлекет басшысының, Үкіметтің айрықша қолдауымен облыстағы теміржол вокзалдарының барлығын күрделі жөндеу және абаттандыру қолға алынды.
Қазіргі таңда барлық аудан орталығындағы, сондай-ақ Төретам және Сексеуіл теміржол вокзалдарына күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осылайша жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жаңғырту және қауіпсіздік талаптарын күшейту көзделген.
Вокзал ғимараттарының сыртқы және ішкі келбеті жаңартылып, күту залдары, билет сату орындары және санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуына ерекше көңіл бөлінуде.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін теміржол вокзалдарының қызмет көрсету сапасы артып, тұрғындар мен қонақтарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
