Жексенбі, 28 сәуiр, 13:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

 Топырағыңды түлетуге жұмсаған ғұмырда өкініш жоқ

28.10.2023

438 0

 Біздің бүгінгі жүрекжарды сұхбатымыздың қонағы – Сыр елінің төл перзенті, фольклортанушы ғалым, этномузыкатанушы маман, атадан қалған жыраулық өнердің дүлдүлі, ұлттық өнердің бай мұрасын насихаттаушы, маржан сөздің мәйегінің бастауы болған ғасырдан жеткен бұрынғы ел ішіндегі таланттардың көсем сөзін жинақтап жарыққа шығарушы – Берік Мырзалыұлы Жүсіп.

 – Өнер әлемінде ерте танылдың. Есімің аталғанда маған қара домбыраның бауырынан терме төгіп отырған баяғы өндір «бала жырау» елестейді. Айтатыны жоқ, жұлдызың ерте жанған өнерпаздың бірісің. Халықтың ыстық ықыласына бөленген сәтің болар, өзіңді теледидардан көп көретінбіз. Өнерге келу жолыңа тоқталып, шығармашылықты шыңдаған сәттеріңді еске алып, алыстан қол бұлғаған балалық шағыңа қайта саяхат жасасаң…

– Шынымды айтсам, «баяғының» жайы бұған дейін де біршама қаузалған. Ал бақ жұлдызымның ерте жанғаны, оны дер кезінде бағалаған абзал ағалардың болғаны рас. Елдің ыстық ықыласына сонау бесіктен белім шығып үлгермеген дерлік, он үш жасымнан бөлене бастаппын. Иә, теледидардың бетін бермегенім де шын, қазір де түсе қойған жоқпын. Бірақ кейінгі кезде мұның бәрін саналы түрде азайтыңқырап жүрген жайым бар. Кейбіреулер сұхбаттас болардың алдында, ең болмағанда бір-екі күн, баспасөз бетіне шолу жасап, «Бұл қазақ жайында не жазылды екен?» деп, жан қинайын демейді. Сондайлардан мезі болғанда, тіпті бәрін тастап, тұра қашқың келеді.

Әйтпесе, тұлғалық, шығармашылық келбетім, әншілік, күйшілік, жыршылық өнерім, кәсіби сахнагерлік табиғатым, фольклортанушы ғалым, этномузыкатанушы маман ретіндегі қалыптасу кезеңдерім, жарияланған зерттеулерім, қоғамдық, мемлекеттік қызмет саласында жеткен жетістіктер мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегім жайында түрлі сала мамандары әр жылдары жазып, баспа бетін көрген мақала, сыр-сұхбат, еркін пікір, жүрекжарды лебіздер мен жыр шашулардың өзі («Жаратқан, жар болғайсың» деген сыр-сұхбат кітабын қоспағанда. – авт.) «Берікнама» деген сере қарыс кітапқа топталып, сықиып тұр. Сондықтан балалыққа да, басқаға да, біршама саяхат жасалып жүр ғой, замандас. Қосарым, іштен оқып туған қазіргі көктүйнектер сияқты емес, біз алдын-ала жоспар құруды білмеппіз. Жүрек қалауы осы жолға салды, сол ізге түсіп алып, желіп отыруды ғана білдік. Әйтпесе, осындай заман тап келерін білсем, бұл жолды таңдар ма едім, жоқ па, оны бір Алла біледі. Ал енді өзімді өзім шыңдаған, шыңдалған сәттеріме орай кейін кітап жазуды ойлап жүрмін. Фольклортану ғылымының заманауи низамдарында ондай дәстүр бар. Ғылыми теория мен жыршылық тәжірибені тел меңгергендіктен, солай ету керек сияқты.

– Бір сұхбатыңда ««Қан мен тер» трилогиясындағы «Қален» деп жүргеніңіз сол, менің түп нағашым. Былайғы жұрт сенсе де, сенбесе де әңгіменің анығы – осы!» депсің. Осы рас па?

– Рас болғанда қандай! Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жақын ағасы Қален – Көптілеу деген болған. Менің бабам Жақып сопының алғаны соның қарындасы. Нағашымның түркімен асып, барымтамен әкелген күліктердің соңы кезінде ортаққа түсіп кетіп, кеңестік колхоз-совхоздың малына айналып, кейін соның негізінде атағы дүркіреген «Құланды» жылқы зауытының іргетасы қаланды. Кіші Аралды бойлап отырып, «Ақлақтан» батысқа қарай тік өрлесең «Көкарал» деген жер бар. Ата күлдік, бабаларымның ескі көңі – осы. Мұраттың Көптілеуінің қыстауының орны бар мұнда, осыдан екі-үш жыл бұрын әдейі барып көргенмін. Өкінішке қарай, моласының ізі жоқ, орны тегістеліп, үй тұрғызып жіберген. Туған, дүниеден қайтқан жылына қатысты құжаттарын таптым. Міне, сондай да қасқа тағдыр иелері өткен ғой, «Менің атым – Көптілеу, / Құмға біткен көк селеу. / Астымдағы ойнаған, / Алма мойын наз бедеу» деп, жалғаныңның жүзінен қиқу салып, қиялай шауып. Жалғыз тұяғы – қызы бар еді, Задабай деген, ол да кетті, келместің кемесіне мінгесіп. Әбдіжәміл нағашымның «Қан мен тер» трилогиясына тірек болған уақиғалар өткен жер болғасын ұңғыл-шұңғылы әрі тағама қатысты әпсаналар бала күнімізден жадымызда қалған. Бірақ оны тарқатып, талдап отыратын жерің бұл емес, замандас, терлеп- тепшіп, көсіліп кең отыратын дастарқан басы болмаса.

– Өзің айтқандай, қолыңдағы екі мың сағатқа жуық аудио-видео жазбаны жинау кезінде өз құлағыңмен естіп, көзіңмен көрген оқиғалардан айта кетсең…

– Бұл «екі мың сағат» деген тек тілге тиек гәптің шет- шепірі. Кеше ғана «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатымда айтқанмын, мұның жайын індетіңкіреп. Уақиға көп, оның қайсы бірін езіп отырайын. Қолжазба жиған, сөз қонған шатақ шал, шайпау кемпірдің талайымен тіл табысып, көкірегіндегісін сауып алып қалу оңай болған жоқ. Кейде ойға алып, ит арқасы қияннан іздеп барған шаруаның бірі де іске аспай, басың салбырап, бос қайтатын кездерің болады. Бірің алдынан қуанып, екіншісінен әбден суалып шығасың. Ондай кезде «білмейді екенсің» деп қалай орныңнан тік тұрып, кетіп қаласың? Содан отырғаның дызақтап, ананы айтып, әрненің басын бір шалып, шығып кетудің ретін таба алмай. Сөйтіп жүргенде тұтас бірнеше күннің басына су құясың. Өзің жалаңаяқ студентсің, басқаны былай қойғанда, аудан мен екі ауылдың арасына көлік тауып барудың өзі мұң. Қайта бағымыз бар екен, соның бәрін абыроймен алып өттік. Негізі, мұндай кешенді ғылыми экспедицияларды кешегі Кеңес Одағы тұсында тұтас институт ұжымы ұйымдастыратын, жергілікті билік орындарына арнайы хат жазып, екіжақты келісіп, хабар беріп, сапардың керек-жарағын қамтамасыз ете отырып. Байқадыңыз ба, қарғадай баланың бір өңірдің мұрасын жинап, қаттап, қағазға түсіріп, ғылымға айналдыру жолында қандай бейнет кешіп жүргенін?

Бір жылы Жалағаш ауданының шеткі совхоздарының бірі «Аққырға» бардым, эпик жыршы Байнияз Желдербаевты іздеп. Бергі жағындағы «Жаңаталап» ауылынан Абай Әлішбеков, Матай Ғаниев, Мәлік Тоғызбаевтарды үнтаспаға жазып, әңгімелерін қаттап, шай-су ішіп боламыз дегенше, ымырт үйіріліп кетті. Содан, совхоз директоры, марқұм Әмірбек Әбекенов ауылдағы жалғыз көлікті менің тақымыма беріп, жыршының шаңырағына түн жарымында жеттік. Есігін қағып ұзақ тұрдым. Бір кезде арғы жақтан кемпірдің дауысы естілді: «Бұл кім, әй?!». Мен кім екенімді, не шаруамен жүргенімді, қайдан келе жатқанымды, кімдерге жолыққанымды, мақсат-мүддемді, кімді іздеп келгенімді айтып, әбден бәйек болып жатырмын. Ол әбден қызыл кеңірдек қылып, тыңдап алды да, «Әй, бала, біздің шал өлең айтпайды!» деп, әңгімені шолт еткізді. «Далада қалып қоймасам нетті?» деп, жаным қыдырып бара жатыр. Мен тағы қақсай түсіп, осы үйге маңдай тіреп келгенімді айта бастағанда, «Біздің шал барлық білетін өлеңін ұмытып қалған» деді. Енді не істеймін? Сөйтіп тұрғанда жай басып, жөткірініп, «Саған не көрініп тұр, ей?» деп, иманды болғыр, Байекең келе жатыр екен. Амандасып, жөн сұрасып, төрге озып, таң сарғайып атқанша, алдындағы бір шәугім шаймен төрт-бес дастанды таспалатты. Қалғанын кейін, Алматыға шақырылған сапары кезінде телевидениеде, бірнеше күн Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет студенттерінің жатақханасында жырлатып, репертуарын толық жазып алдым. Міне, күллі Сыр өңірінің мұрасы осылай жиналды. Айтпақшы, әлгі кемпірді сол күні, жолға шыққанға дейін де көрген жоқпын. Шамасы, айтқаны болмаған соң, өкпелеп жатып қалды-ау. Анекдот бар еді ғой, бір араққордың әйелі бөтелкеден бас алмайтын күйеуінің алдындағы стаканды жұлып алып, қағып салып, «Мынауың удай ғой» дегенде, «Мені өмір бойы бал ішіп жүр деймісің?» деп, жылайтын. Сол айтқандай-ақ, мұра жинау оңай деймісің? Ел аралап жүрген кезде көресің ғой, талай жақсы-жайсаңға қоса, пенденің небір тұрпатын.

– Өнердегі ұстаздарың кімдер, шәкірттерің ше?

– Бір нәрсенің басын ашыңқырап алу керек шығар. Менің танымымдағы «ұстаз» бен «шәкірт» ұғымдарын қазіргі білім беру жүйесіндегі «мұғалім, шәкірт» ұғымымен мүлдем шатастырмаған дұрыс. Мысалы, консерваторияда дәріс беріп жүрген уақытымда менің алдымнан сабақ алған студенттер болды, есім-сойларын атамай-ақ қояйын. Кейін, солардың көбі жел ұшырған қаңбақтай, әр тарапқа кетті. Бәлкім араларында мені «ұстаз» санайтындар бар шығар, есесіне, «шәкіртім» деп айта алмайтындарым да көп. Алдымда отырып дәріс тыңдамаса да, кеше келді Қызылордаға, бір қызметтің тұтқасына, талантты іні-шәкірттің бірі – Мүсілім Әмзе деген қазақ. Ол – дирижер, мен – эпик жыршы, арамызда еш байланыс жоқ сияқты, иә? Астанада жүр сондай іні-шәкірт, кеше ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды, домбырашы Бақытжан Дүйсенғазы. Мәдениет пен руханият биігіндегі Елдос Еміл де іні-шәкірт, Ақтөбеде Гүлмарс Аманбаева деген құбылыс әнші бар. Бірақ мен бұлардың ешқайсысын қолынан жетектеп жүріп, итаршылықпен түрлі конкурстардан жүлделі орын алып беріп, сол олжадан «бөлісіп», құлқын дүние, көрбақ танымға тәрбиелеген жоқпын. Сүмеңдеген сұлу тазы еріткен арам аңшы секілді «ұстаздарды» түсіне алмаймын. Қазір «ұстаз» таңдайтын болып жүр шәкіртті, бұрын керісінше, шәкірт қалайтын болған ұлық ұстазды. Алдын көрмей- ақ, сабақ алмаса да, белгілі орындаушының даңқына шәкірт болғандар қаншама? Шіркін, ол дәуір түгел төңкеріліп кетті ғой. Сондықтан, менде ұстаз көп, замандас. Алдына барып, көзін көріп, бір ауыз өсиетін тыңдаған қазыналы қара шал – маған ұстаз, алдымда отырып бес жыл дәріс тыңдаса да, өзегіме үңіле алмаса, мен ешкімді «шәкірт» санатына қоса алмаймын. Әрине, бұл мәселе ғылымда сәл басқашалау. Десе де, жетіктірген жетекшім белгілі фольклортанушы ғалым, академик Рахманқұл Бердібаев болатын.

– Ұлт мұрасын жинап-теріп, ғылыми айналымға ендіріп, халық қазынасын аршып, жиырма бес жасыңда ғылымға тың жаңалық ендірдің. Сыр бойының әдеби-музыкалық фольклорын зерттеуге саналы ғұмырыңды жұмсадың. Осындай қиын жұмыстарды ерінбей, жалықпай атқаруға деген құлшыныстың сыры атамекен, туған елге, ұлт мүддесіне деген жанашырлықтан болар…

– Сұрағыңның алғашқы екі сөйлемімен толайым келісемін, әрине. Ал үшінші сөйлемі, әсіресе «жанашырлыққа» байланысты ойыңа орай көлгірсіп, «Иә, көзімді тырнап ашқаннан жанашыр болып едім!» деп, опа бермейтін позаға тұра алмаймын, замандас. Мұның барлығы жалған эмоцияға құрылған, мақтанға ғана қолайлы, биік пафосты сөздер. Ғылымға да, өнерге де адам бейсаналы келеді, саналы түрде келетіндер тым сирек. Ал, «атамекен, туған ел, ұлт мүддесіне деген жанашырлық» жайы үшінші жақтан айтылып, еңбегіңе берілген баға есебінде қолданылса, сол орындырақ болмақ. Жалпы «ел үшін, жер үшін» деген жалынды сөздерге жоқпын, егер ол атқарған істің елге пайдасы тисе, кім үшін екені онсыз да белгілі емес пе? Шынымен де, мен осының бәрін өзім үшін жасадым ба, әлде ел үшін жасадым ба? Негізі, шоқпарбас сұрақтың бірі – осы! Жазса, жинаса, зерттесе «Өзі үшін жасаған жоқ па?» дейтіндер аз емес. Сондықтан «жанашырлық» мәселесін көптің талқысына қалдырайық, бұл өзі жанашырлықпен болатын нәрсе ме, әлде өлермендіктің белгісі ме екен, солар айтсын.

– Жиырма жасыңда бүкіл елге «Жыр күмбезі» деген күйтабағың тарап, Ташкенттің «Мелодия» фирмасынан басылып шықты. Ол кезде, естуім бойынша, мұндай жетістікке халық артистері мен педагог профессорлар ғана қол жеткізеді екен. Он сегіз жасыңда Нұртуған, Жиенбай, Тұрмағамбет, Омар, Жүсіптің жыр-термелерін күйтабаққа жазыпсың. Сонда, тым жас болсаң да репертуарыңа бір күн, бір түн айтатын жыр қорын жинақтапсың. Мұндай құймақұлақтық кімнен дарыған?

– Қандай жақсы-жаман қасиет болсын, әкең мен шешеңнен, арғы ата-бабаңнан басқа кімнен дарушы еді?! Дұрыс аңдап отырсыз, жыршылықтың, басқа да «қасиет» түрлерінің генетикалық жадсыз, тосыннан келетін түрлері болады. Мендегі құймақұлақтықта соның екі қанаты да бар болуы мүмкін деп ойлаймын. Он үш жасымда томағамды алып, топқа түстім. Менің жыршылық әлеуетім – потенциалым, орындаушылық өнерді толық тұтынбаған кезеңде ғылыми уышқа ауысты. Кейін, ұзақ жыл үзілістен соң, домбыраны қайта ұстадым. Жарықтық, әрбір сөз, аңыз-әпсана, мақам-саз ою-өрнектерімен бәз қалпында, мөлдіреп тұр екен. Өзектегі нәрсе өнбесе, өшпейтінін сонда білдім. Бірнеше күн қайталаған кезде, бәрі орын-орнына тұра қалды, «кетті» деп жүргендерім қайтып келді. Сөйтіп, мен екі аттап биге шығып, өзімді алдап түсіріп, өзегімдегімен қайта табыстым. Соның бәрі не үшін дейсіз бе? Е, оның да соңы шұбалаң көштің шаңындай әңгіме. Ал енді өзің айтып отырған құймақұлақтық үнемі дамытып, қырлап, білгеніңді қайталап отырмасаң, кетіле береді. Жақында бір Құран қаримен сөйлестім, үлпет арасында «Ұмытып қалмайсың ба?» деп сұрадым. Сөйтсем, олар да жаттағанын қайталап, жаңартып отырмаса, жады ескіреді екен. Бізде қазір тыңдаушы орта жоқ, болса да дені бейсауат. Міне, құймақұлақтық қасиеттің сетінеуі осындайдан, тыңдаушы ортаның, өзіңмен пардалас, жақаттас жанның болмауынан орын алады. Амал қанша…

– Жас кезіңде жыршылықтың жайын күйттесең, есейе келе күйшіліктің мәнін сыр етіпсің. Бір қиыры Өзбекстан, Қарақалпақстан, бір шеті Қазақстанның Батыс, Қаратау, ортасы Сыр бойы – түгел қамтып, «Жиделі Байсын күйлерін» жинап, жүйелі зерттеу жүргізіп, ғылыми негізін жасапсың. Мұның бәрі қыруар еңбек пен маңдай тердің жемісі ғой. Осы кешенді еңбектен соң Сыр өңірі өз күйшілерін танып, шығармаларын оркестрлерге қосыпты. Сол кезден бастап бұл аймақта күйдің де сарқылмайтын бұлағы бар екенін қазақ елі мойындайтындай дәрежеге жеткізіп, ғылыми еңбектер жазыпсың. Сол тарихи сәт туралы айтып өтсең…

– Мен ол кезде бір алас ұрған, шарбы бұлттың үстінде қалықтап жүрген «бала бақсы» сияқты күйде жүретінмін. Үнемі ішімнен, «Өлемін деп еңбек ет, өлтірмейтін Құдай бар» дегенді қайталай беруші едім. Кейін осы тіркес өмірлік ұстанымыма айналды. Дұрыс айтасың, бізге дейін Сыр бойының күйлері, оның байтақ тарихынан жазылған жүгіртпе мақалалар, әсіресе Әлшекей күйші жайында Қ. Ертаевтың эссесі болмаса, жүйелі зерттеу, монография, оқу құралы атымен жоқ еді. Бұл тарапта, Сыр бойының күйлеріне қатысты кешенді зерттеу жасауда біз тыңға түрен түсіруші мұзжарғыш кеменің міндетін атқардық. Әлі есімде, кейбіреулер күйге жанасқанымды қаламады. Марқұм Қаршымбай Ахмедияровтың «Берік, күйде шаруаң қанша, аулақ жүрмейсің бе, сен жыршы емессің бе?» дегені ойымнан кетпейді. Күйді бір адамдай шертіп, талдап, таразылай алатынымды оған қалай түсіндірейін? Бізге музыка теориясынан дәріс жүргізген ғалым Сайра Аманованың «Сыр бойында күй болмаған» деген топшылауы жаныма жай таптырмайтын. Содан соң, Сыр бойы күйлерінің әртарап болып, шашыранды күй кешіп, тіпті жыршылық мақам-саз аясынан шыққан Қазанғаптай дәулескердің Батыс Қазақстан аймағының күйшілік дәстүріне телініп кетуі түнде ұйқымды бөліп, талайдың «Қап, осы сені ме!» деп тісін қайрауына тап етіп, кейін тобығымнан қақтырғанын ұмытқан жоқпын. Шығармашылық жолымдағы басты кедергілер – ғылымға бел шешіп кірісіп, туған жердің төл мұрасы жайында басы ашық пікірімді айтып, қолды болған мұраны иелі жеріне қайтару жұмыстарымен тікелей байланысты болды. Әйтпесе, жырымды айтып, бір жерімді жуан саннан мықтап қысып, сахнада жүре бергенде, бұл күнде атақ- даңққа кеңірдектеп, шалқып жүрген болар едік. Біздің қазақ ғылыми шындықты көтере алмайтын, ақиқатты жеке бастың бақастығымен өлшейтін халық. Мұның бәрі қыруар еңбек, маңдай тер екенін өзің де айтып отырсың. Дұрыс байқағансың, менің сонау студент кезімде, дипломдық жұмыс есебінде жазған «Жиделі Байсын күйлері» атты еңбегім кейін, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесінде оқу құралы болып бекіп, мүйізі қарағайдай академиктердің ықыласына бөленіп, Қазақстан бойынша өтетін күй сайыстарының бағдарламасына енгенін былайғы жұрт біледі. Е, «Айтсам, әжем де кетедінің» кері ғой, ретті сөздің есебінен тіл ұшына оралып жатқан.

– Елге оралып, осы кезге дейін жиған-тергеніңізді Сырдың өнері мен ғылымын дамытуға арнасам деген ой мазаламай ма?

– Мұндай ой мені қанша жерден мазалағанмен кімге, қандай пайда, егер соған ықпал жасай алатындардың мазасын май ішкендей етпеген соң. Баяғы парсы жұртының дүр шайыры Фирдаусидің уақиғасын білетін шығарсың. Әуелде «Осыны іске асыр!» деп тапсырыс берген ел билеуші патшасы табанасты уағдасынан тайып, мың ойланып, сан толғанып, ақыры отыз жылдан кейін шайырын «жарылқап тастауды» ойлап, екі түйеге алтын артып бір қашадан кіріп келе жатқанында, асылдың ақық сүйегі шаһардың екінші даруазасынан шығып бара жатушы еді ғой. Осы тақырыпты індеткен Тұрекемнің тағдырын айтпаса да, білесің. Шайырдың барлық сөз маржанын қадим қолжазбадан аршып алып, елімен қайта қауыштырған біздің күйіміз мынау. Осыдан кейін қай нәрсенің жолында тер төгуге болады? Жалпы мен өз зерттеулерім арқылы Сыр бойының жеті ауданына да ортақпын. Кереметі сол, осы уақытқа дейін әлгі аудан басшыларының бірі «Беке, елге келіп, халықпен кездесу жасап кетсеңізші!» дегенді айта алмай келеді. «Алпысқа тоғанша әйтеуір бір келер» деп жүр ме, қайдан білейін? Әлде «ақы сұрайды» деп қорқа ма? Шынымды айтайын, тиынның татын тілімнің ұшына салып көрген жерім жоқ. Мен үшін «қаз – қиғанына мәз!» деген сөздің дәрежесі биіктеу.

Жалпы түбі елге оралу ойымда бар. Бұл өзі бір бүйірімді үнемі сыздатып тұратын жауыр жара сияқты нәрсе. Бірақ оралудың да өз жосығы болу керек, жөн білетіндер тарапынан. Зейнетке шықсам, еңбектесем де жетемін, оны ешкімнен де сұрамаймын. Ал қазір мұның бәрі туған топырағының тарихынан хабары бар, тағдырына алаңдайтын ат арқасындағыларға байланысты. Мен лауазым сұрап, ешкімді мазалап жүрген жоқпын. Шүкір, қызмет бар. Сыр бойының телегей мұрасын меңгерген, жинаған, жүйелеген, ғылымға айналдырған маман ретінде «Енді осының бәрі ел үшін, Сыр бойы фольклорының дамуына керек, келер ұрпаққа қажет, қалған жігеріңді елдің игілігіне жұмса, асыл ойыңды туған жердің табанында жүріп іске асыр, күрең топырағыңа орал!» дейтін ерен болса, барамыз, неге бармасқа? Жалпы туған топырағыңды түлетуге жұмсаған ғұмырда өкініш болмайды.

Сұхбаттасқан  Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: