Қазақстан ауыл шаруашылығы кооперациясын Нидерланд тәсілімен дамыту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берді, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы — солардың еншісінде, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр.
— Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз. Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуы тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатын еске алды.
— Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерланд елінің жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр. Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауы тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет, — деді Президент.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
