Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне пікір білдірді, – деп хабарлайды KAZINFORM ақпарат агенттігі.
Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ, – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы қазіргі жүйе мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін атап өтті.
Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның алғашқы күнінде айтылған ұсыныстар туралы мәлімет берген еді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымын әзірленетінін айтты.
2022 жылы Ұлттық құрылтай алғаш жанданғаннан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!