Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, ұзақ үзілістен кейін Әлихан Смайыловтың төрағалығымен палатада комиссияның отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің, Ұлттық банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің лауазымды тұлғалары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары қатысты.
Отырыс барысында комиссия төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін атап өтті.
Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет, — деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде.
Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды, — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.
Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және т.б. мәселелер талқыланды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!