Бүгін Жалағаш ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 111 пәтерлік 56 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Оған жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, инфрақұрылым салаларындағы жетістіктерге тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті.Жерлестеріміздің ауызбіршілігі, ынтымақ-бірлігінің арқасында өңіріміз өркендеу жолына түсті.Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды.
Облыс бойынша 187 нысанның құрылысы салынуда. Бұл – өңірде қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы жолындағы жобалар жалғасын табады.
Жалағаш ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Соңғы 3 жылда Жалағаш ауданына 50 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
Бүгін міне, 111 пәтерлік 56 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қонысты иелеріне салтанатты түрде табыстаудамыз.
Елдік мүддеге қызмет етіп, жаңа баспаналарды уақытылы әрі сапалы аяқтаған құрылыс мекемелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Қоныстой құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада ел бірлігін бекемдеуге үлес қосқан аға буын ардагерлер мен жаңа тұрғын үйлерді сапалы етіп салған құрылысшылар марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қоныстой иелерін құттықтап, батасын берді.
Айта кетейік, өткен жылдың басында аудан бюджеті 10 млрд. 200 млн. теңгеге бекітіліп, жыл көлемінде 12 млрд. 200 млн. теңгеге ұлғайды. Аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған. «Ақсу», Мөрәлі Шәменов елді мекендері газға қосылып, тұрғындар игілігін көруде.
Ауданда 5 жоба жүзеге асырылып, 19,3 шақырымнан астам көше, жол тораптары жөндеуден өтті. Соңғы 3 жылда 5 елді мекеннің 66,3 шақырым электр желілері жаңартылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!