Сұлу Сырдың төрінде орналасқан Қызылорда биыл ерекше ажарланып, даму серпіні еселене түсті. Күн өткен сайын даңғылдар жаңарып, көкпен тірескен зәулім ғимараттар бой түзеуде. Сәні мен салтанаты келіскен шаһарда бір күнде бірнеше нысан пайдалануға беріліп, алыстан ат терлетіп келген қонақтар да жоғары баға берді. Білім, мәдениет саласындағы жаңа нысандардың ашылу салтанаты алты Алашқа сауын айтылған Қызылорданың ғасыр тойына да ерекше тарту болғандай.
Маусым айы – балдырғандардың шат-күлкісі мен бақытты балалық шағының ерекше қарқын алып, айналаға шуақ шашылар ай. Мамыражай жаздың алғашқы күнінде қалалық мәдени-демалыс паркі тынығушыларға есігін айқара ашты. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев қатысты.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті» деген болатын. Бүгін – аймақ үшін айтулы күн. Мерекеге орай, қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі, физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылуда. Бұл ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Жаңа, әсем, заманауи парктің құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде пайдалануға берген елімізге белгілі «BI GLOBAL» компаниясының ұжымына Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы алғыс білдіремін. Егемен елімізді дамыту жолындағы абыройлы істеріміз, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарымыз табысты болсын, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыс бойынша кең ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала, аудан және ауылдардағы парктер, скверлер, аллеялар мен көпқабатты үйлердің аулалары жаңартылып, көркейтілуде. Бүгінде Сырдың бас шаһарында Президент саябағы, Батырхан Шөкенов атындағы парк пен Қорқыт ата мемориалды аллеясы қайта жаңғыртылуда.
Сыр өрендері білім бәйгесінде топ жарып, аймақтың абыройын асқақтатып жүр. Оларға мемлекет тарапынан берілер қолдаулар да аз емес. Жаңадан ашылған физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты осы сөзімізді айғақтайды. Ашылу салтанатына «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте арнайы қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиында аймақтағы білім саласын қолдау жұмыстарын тілге тиек етті.

– Аймақта соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 304 млрд 600 млн теңгені құрап, 32 пайызға артты. Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жаңа білім ғимаратынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол, – деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектеп биыл жаңа оқу жылында іске қосылады.
Сырдағы серпінді даму осылайша білім саласына басымдық беріп тұр. Оқу-білім бағытында ашылған нысан тек бұл ғана емес. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты да осы күні ел игілігіне табысталды. Мұнда келген ел ағаларының жанынан «Саутс Ойл» мұнай компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов та табылды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жаңа ғимаратта өнерлі жастар тәрбиелене беруіне тілек білдірді. Аймақ басшысы да өз сөзінде Сырдағы өнер саласындағы ұстаздардың ерен еңбегін атап өтті.
– Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қосып келеді. Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар. Музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын. Күн сайын жаңарып, жасарған Сыр өңірінің жаңа келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғимаратын салуға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлына барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
«Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» дейді қазақ даналығы. Өңірде тарихымызды бүтіндеп, өткенді тірілтіп жатқан жоспарлы жұмыс жалғасып келеді. Соның бірі – жаңадан ашылған облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты. Талай тарихты өн бойына сыйдырған ғимарат еліміздегі Ұлттық музейден кейінгі екінші орында тұр. Мұнда талай сырды ішке бүккен тас ғасырынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қазақ тарихы, құнды жәдігерлер жинақталған. Ұлттық құндылығымызды айшықтайтын ғимараттың ел тарихындағы маңызы зор екенін облыс әкімі нықтап айтты.
– Бүгін – аймақ үшін тарихи сәт, айтулы күн. Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Президент бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берді.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асуда. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарып келеді. Мәдениет саласында жаңа жобалар жүзеге асуда. Өнер және руханият саласының майталмандарына әлеуметтік қолдау көрсету басты назарымызда.

Жыл сайын мәдениет, өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында «Тұран», журналистерге «Жебе» сыйлығын табыстау дәстүрге айналды. Экспонаттарды таныстыру үшін заманауи технологиялар, жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктері қолданылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің салынуына «Самұрық-Қазына» Ұлттық компаниясы өз үлесін қосты. Заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды. Киелі «Сыр елі – жыр елінің» мәдени қазынасы арта бергей! – деді Н.Нәлібаев.

Мәдениет, өнер және білімнің алтын ордасына, құтты шаңырағына айналған Сырдағы серпінді даму елдің назарын өзіне аударып тұр. Алтай мен Атырау арасындағы Алаш баласы биылғы ғасыр тойына ерекше мән беруде. Мерейтой аясында тағы бір жаңарған Ақмешіттің таңы арайлана түсті.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!