Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойынын және 11 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Оған облыстық басқарма мен жауапты мекеме басшылары, Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бакытжан Пазылхайыр қатысты.
Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
«Жаңа стадионның ашылу салтанаты кезінде электр энергиясын үздіксіз, тұрақты беру, төтенше жағдай туындаса, жедел әрекет ету үшін желілерді алдын ала тексеріп, резервтік қуат көздерін даярлау керек.Жедел жәрдем қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылсын. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, патрульдік қызметті күшейту, көлік қозғалысын реттеу және жедел әрекет етуге әзірлік қолға алынсын.
Жанкүйерлер арасында қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалау үшін шара өтетін маңдағы полиция қызметкерлерінің санын арттыру керек.
Қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығы біз үшін өте маңызды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті стадион аумағын толық зерделеп, оқыс оқиға мен төтенше жағдайдың алдын алыңыздар. Өрт сөндіру техникалары сақадай сай тұруы тиіс.
Сондай-ақ, финалдық ойын өтетін аумақта санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы керек. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің тазалығы қатаң бақылауға алынсын»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!