Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа жылдан үміт көп

04.01.2024

651 0

Алаштың анасына баланған Сыр елінің экономикалық даму көрсеткіштері 2023 жылы да жақсы нәтиже көрсетті. Өңірде шынында өркендеу мен жаңару бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады», – деген болатын. Еліміздің жаңа экономикалық бағдарына негізделген Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау – біздің негізгі міндетіміз. Республика Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қызылорда облысының даму қарқыны оң нәтиже беріп отырғаны айтылды.

Шынында, Сыр өңірі даму қарқынымен көш бастап тұрғанын аңғару қиын емес. Көз алдымызда көркейіп, өркендеп қуатты өңірге айналған аймақта бастау алған нәтижелі жобалар биыл да жалғасын таппақ.

Аймақ басшысы атап көрсеткендей ұлу жылында да елді мекендерді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жобалар іске асырылатын болады.

«Облыс орталығын дамыту» бағдарламасы шеңберінде 3,7 млрд теңге бөлініп, бұл қаржы қаладағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін жол өткелін салуға, Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы арқылы Қызылжарма арнасына өтетін көпір құрылысына бағытталды. Мұнымен қоса, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал, Қазалы қалаларына 1,6 млрд теңге қаржы қаралған. Ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуда, ауыл халқының жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда «Ауыл – ел бесігі» жобасының маңызы жоғары. Осы жоба аясында аймағымызға 5,5 млрд теңге қаржы жоспарланып отырғаны алда атқарылар жұмыстардың ауқымдылығынан хабар береді.

Қоян жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы биыл да жалғасады. Ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін жоба аясында республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге қаржы бөлінбек.

Сондай-ақ алғаш рет агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен кредит есебінен 5 млрд теңге бөлінуде. Бұл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге 2,5 пайыздық несие беруге бағытталмақ.

Өнер саласы өкілдеріне арналған 1000 орындық «Өнер орталығының» құрылысы аяқталуға жақын. Орталықта кәсіби концерттік ұжымдардың дайындығына, іс-шара өткізуіне толық жағдай жасалған. Бұл ғимаратқа 50 жылдық тарихы бар облыстық филармония орналасады. Мамандар теміржол вокзалының аумағындағы қазіргі филармония ғимаратының концерттік залы «Жастар театрына» берілетін болды дейді.

Сыр елінің өнерсүйер қауымы үшін тағы бір ақжолтай жаңалық, алдағы уақытта өңірде «Жыраулар үйі» ашылады. Сондай-ақ Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Инвестор қаржысына салынатын теңдессіз жоба республикада алғаш рет Сыр өңірінен бастау алды.

Осылайша 2023-2028 жылдар аралығында облыста құны 1,1 трлн теңге болатын 65 жоба іске қосылып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұған қоса облыс орталығында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Құны 20 млрд теңгені құрайтын ірі жоба жоспар бойынша биыл іске қосылуы керек. Заманауи үлгіде салынатын Оқушылар сарайы ұлу жылының аяғына қарай пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимаратын салу қолға алынбақ.

Мәдениет пен спорт саласында айта кетер жаңалық бар. Мәселен, 7 мың орынға арналған орталық стадион, сондай-ақ жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, жүзеге асатын қанатқақты жобаның бірі 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады.

Денсаулық саласына бөлініп жатқан қаражат, салынып жатқан нысандар жетерлік. Мәселен, келер жылы қалада 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады. Мұнан бөлек, құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» салынуда.

Мамандар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да қарқын алады дейді. «Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деген болатын мемлекет басшысы.

Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біздің аймақта келер жылы 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта қалған 11-і басталып, 2025 жылы толық тапсырылмақ.

Сондай-ақ «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқын алуда.

Алып құрылыс алаңына айналған бас қалада 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал салынуда. Пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус бағытын ашу жоспарланған. Олардың қатарында Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка) және Ақтөбе қаласына 8 республикалық, сондай-ақ 46 ауданаралық рейс бар. Автовокзал жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.

Алдағы уақытта Қызылорда тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі – ыстық сумен қамтамасыз ету қолға алынбақ.

Шыны зауыты жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылатын болады. Жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, шыны бөтелке мен алғашқы айна зауытының құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ Шиелі ауданында 1 млрд теңгенің әк және құрғақ құрылыс қоспасын шығару цехы іске қосылады.

Мұнан бөлек аймақта ұлу жылы 27,1 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асып, 630 жұмыс орны құрылады. Осылайша мерейі өсіп, мәртебесі көтерілген Сыр еліндегі атқарылған жұмыстар ел назарын аударып, іске асатын жаңа жобаларға дем бергендей.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: