Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданындағы автоматты газ тарату станциясының ашылу рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық мәслихат төрағасы, ардагерлер қатысты.



Аймақ басшысы өңір экономикасын өркендету жолындағы жетістіктерді, жаңа нысанның аудан инфрақұрылымына қосатын үлесін атап өтті.
«Бүгін Сіздермен бірге Жаңақорған автоматты газ тарату станциясын салтанатты түрде іске қосамыз.
2015 жылы жұмысын бастаған, қуаты 20 000 м³/сағат болатын станция сол уақытта Жаңақорған кенті мен 6 елді мекендегі 45 мыңға жуық тұрғынды газбен қамтамасыз етіп келді.
Қазір қуаттылығы 2 есеге дейін (40 000 м³/сағатқа) дейін ұлғайтылды. Жоба құны 2 млрд. 300 млн. теңге, осы арқылы ауданның Сыр беткейіндегі Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай елді мекендерінің 12 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынның игілігін көреді.
Соның ішінде 6 млрд. теңгеге 6 ауылға газ тарту жұмыстары «ҚазақГаз» компаниясының инвестициялық бағдарламасымен жүзеге асады.
Бұл арқылы ауданның газдандыру көрсеткіші 67 пайызға жетеді.
Автоматтандырылған газ тарату стансасына ірі өндіріс орындары, атап айтқанда, жылына 3500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы, құрылысы келесі жылы бастау алатын, 1500 адамды жұмыспен қамтитын «Шалқия цинк» кен байыту фабрикасы, өзге де нысандар қосылады.
Тағы 5 елді мекенді, яғни Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Тақыркөлді газбен қамту жобасы әзірленіп, жұмыс жоспарланды.
Бұл инфрақұрылымдық жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жаңа серпін береді», – деді Н.Нәлібаев.





Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан аға буын мен газдандыру жұмысын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев жаңа бастамаға бата берді.
Шарадан кейін аймақ басшысы сол жерде аудан ардагерлерімен кездесіп, өңірдегі бастамаларды, инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы айтты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!