Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында теміржол арқылы өтетін аспалы көпір ашылды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңақорғандықтарды жаңа көпірдің ашылуымен құттықтап, өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына тоқталды.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деген болатын. 2023-2025 жылдары аймағымыздың 1 232 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерін, 18 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 121 млрд. 500 млн. теңге бөлінді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайыз болмақ.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады. Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожолының құрылысы қарқынды жүруде. Бұл қаладағы көлік қатынасының жүктемесін біршама төмендетеді.
Мамыр айында Арал қаласында 940 метрлік аспалы көпір ел игілігіне табысталды.
Жақын күндері Қармақшы ауданының Жосалы кентінде дәл осындай аспалы көпір құрылысын бастаймыз. Жаңа көпір Жаңақорғанның болашағына жол ашатын, ел игілігіне қызмет ететін алтын көпірге айналсын!
Баршаңызға амандық, жасампаз істерімізге толағай табыс тілеймін!”, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, ел ағасы Нәжмәдин Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі.
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Серхожа Ыдырысов батасын берді.
Сондай-ақ, аспалы көпірді салған мердігер мекеме қызметкерлері мен ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Жаңақорған ауданының бюджеті сонғы 2 жылда 12,7 млрд теңгеден 22 млрд теңгеге артты
Үш жылда 200 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ауыз су мәселесі толық шешілді, 4 елді мекеннің су желілері жаңартылып, аудан халқы 100% таза ауыз сумен қамтылды.
Бүгінде тұрғындардың 52%-ы «көгілдір отын» тұтынуда. Тағы 8 елді мекенді газдандыруға 7,3 млрд теңге бөлініп, жұмыс биыл аяқталады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 10 мектептің екеуі Жаңақорғанда салынды. Сонымен бірге 3 жаңа амбулатория және Төменарықта 15 орындық аурухана пайдалануға берілді. Жақында 972 млн теңгеге аудандық ауруханаға қосымша ғимарат салынып, қазан айында қолданысқа беріледі.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!