Дүйсенбі, 13 қазан, 08:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77, 2189
11.10.2025
PDF мұрағаты

Жарқын болашақтың сенімді бағдары

19.09.2025

453 0

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы бүкіл қоғам үшін маңызды бағдарға айналып, еліміздің таяу жылдардағы дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Жолдауда ел экономика салаларын жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектті ендіру, инвестиция тарту мәселелеріне баса назар аударылды. Өйткені, осы салаларды дамыту халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.

Ел Президентінің геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, ауыл шаруашылығында инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды кеңінен қолдану, көлік логистикасы мен транзиттік жүк тасмалдауды кеңейту, туризм, коммуналды-тұрмыстық шаруашылықты жаңғырту, т.б. салаларды жаңаша дамыту маңызы зор міндет ретінде ерекше атап өтілді.

Ел экономикасын ілгерілетудегі жасампаз қадамның бірі – Алатау city цифрлық қаласын құру болмақ. Алатау city аз ғана уақыттың ішінде қарыштап дамудың үлгісіне айналарына сенімдіміз.

Тікелей бізге қатысты ғылым мен жоғары білімді және инновациялық саясатты үйлестірудің бір министрлікке жүктелетіні – ғылымға негізделген экономика құру жолындағы проблемалардың тиімді шешілуіне ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Жолдауда өңіріміз үшін өзекті мәселелер де көтерілді. Бұл тұрғыда, су саласындағы кәсіби кадрларды даярлау, суды жеткізу, бөліп-тарату құрылымдарын жаңарту, суды үнемдейтін технологиялар мен суды аз пайдаланатын дақылдарды енгізу қажеттігі атап айтылды. Солтүстік Аралды толтыру жұмыстарының да жалғасын табатыны қуантады.

Болашағын болжай білетін елдің ертеңі де жарқын болмақ. Мықты мемлекеттердің күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатыны белгілі. Демек, озық ойлы ұлт болу – асқаралы міндетіміз.

Реформалардың барлығы жастар үшін жасалып жатқанына назар аударған Президент: «…Олар Қазақстанды дамыған, гүлденген мемлекет ретінде көргісі келеді, халқымыз ілгері көштің басы-қасында болуы үшін заманауи технологияларды меңгереді. Өскелең ұрпақ үшін патриотизм – болашаққа ұмтылу, бұл қоғамдық санада болып жатқан өзгерістерден айқын көрінеді. Мен бұл ұстанымды толығымен қолдаймын. Мен жастардың күшіне, талантына, біліміне сенемін…» – деп, жастарымызға үлкен сенім артты.

Жолдауды қорытындылай келе, Мемлекет Басшысы жасанды интеллект дәуіріндегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының одан әрі барысына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформалар туралы өз ойымен бөлісті.

Бейбітшілік пен келісім, заң және тәртіп, қоғам ішіндегі ауызбіршілік пен түсіністік – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтаудың кепілі. Жолдауды Қазақстанның әлемдегі дамыған елдерінің қатарына ену стратегиясын жүзеге асыруға, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің және экономикадағы тың да жаңа сапаның қалыптасуына зор серпін беретін өскелең құжат деп қабылдаймыз.

Бейбіткүл Каримова,

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
Басқарма төрағасы – Ректоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: