Жұма, 12 қыркүйек, 12:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№68, 2181
09.09.2025
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект – келешектің кілті

12.09.2025

64 0

Жасанды интеллект сөзі оғаш естілгендей күйде жүргеніңізде, ЖИ дәуіріне әлдеқашан қадам басып қойған едік.

Қазір ЖИ технологиясы түрленіп, қарқынды дамып келеді. Күнделікті өміріңізден де аңғарған боларсыз, банк қызметімен тұрақты байланыс, сауда-саттық үшін кері байланыс, өзара тиімді сөйлесу, қажет ақпарды жылдам табу, видео, сурет, түрлі визуал форматта ақпарат дайындау сынды көптеген қызметті қолдануға мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ЖИ технологиясына аса басымдық беріп, министрлік құруға дейінгі маңызды қадамдарға көшу керегін қадап айтты. Президент Жолдауында «Жасанды инттеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды» дегенді қоса жеткізді. Мұның бәрі бекер емес. Жасанды интеллектіні қолданумен шектелмей, оны саналы, жүйелі басқара білуіміз керек. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені осындайда еріксіз ойға оралады. ЖИ технологиясын сауатты қолдану үшін де этикалық қағидаттарды меңгеру қажет, яғни қолдану үшін дұрыс бағытта тәрбиелік ілім беру керек.

ЖИ технологиясын игеру әлем елдерінде кеңінен тарап, білім беру саласында қалыптасып үлгерді. Біріккен Араб Әмірліктерінде жасанды интеллект пән ретінде оқыту міндеттелген, бағдарлама мектептің бастауыш сыныбынан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін деңгей-деңгей бойынша оқытылады. Қытай да жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы екенін көрсетіп, биылғы оқу жылынан бастап арнайы пән енгізді. Бағдарламаға сәйкес, енді 6 жасар баладан бастап ЖИ технологиясымен достасуға қадам жасайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда алдымен ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын дамытуды жолға қою керегін айтты.

Елімізде де ұстаздардың ЖИ технологиясын қолдану машығын дамытуға лайықталған жобалар біртіндеп іске асып жатыр. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен 180 мыңнан аса педагог ЖИ құралдарын қолданудың негіздері мен этикасын меңгеріп шыққан. Халықаралық Астана университеті педагогикалық институт ұстаздарына «Білім берудегі жасанды интеллект» кәсіби даму курсын оқытуды қолға алса, Батыс Қазақ­стан инновациялық-технологиялық университеті, Жетісу университеті, тағы басқа жоғары оқу орны мұғалімдерге арналған практикалық жобалар өткізіп жатыр.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Стратегия және талдау орталығының бас сарапшысы Аида Әблякимова ұстаздардың ЖИ технологиясын үйренуі үшін үш деңгейлі модель аясында жұмыс істеуді негізге алады. Алдымен базалық деңгейде ұстаздардың ЖИ, цифрлық сауаттылығын арттыру керек, кейін пәнге кіріктіру әдістерін қолға алып, соңғы сатыда ғана ЖИ арқылы жобалық және зерттеу жұмыстарына кірісуге болады.

Жасанды интеллект оқу академиясының негізін қалаушы, кәсіби IT маман Мейіржан Әуелханұлы да ең әуелі үш бағытқа ерекше көңіл бөлу керегін айтты.

– Жасанды интеллектіні білім саласына енгізудің табысы ұстаздардың дайындығына байланысты. Технология дайын тұрғанмен, дұрыс қолдана алатын маман болмаса, еш нәтиже шықпайды. Біріншіден, базалық түсінік керек. Көптеген ұстаз жасанды интеллектіні «өте күрделі нәрсе» деп ойлайды. «ЖИ деген не, ол қалай жұмыс істейді, білім беруде қандай пайдасы бар?» дейтін мәселені қарапайым түрде түсіндіру керек. Бұл – қорқынышты сейілтіп, қызығушылықты оятатын алғашқы қадам. Екіншіден, практикалық дағдыларды шыңдау қажет. Ұстаз тест құрастыру, эссе тексеру, қосымша оқу материалын дайындау, әр оқушыға жеке бағдарлама ұсыну секілді жағдайда күнделікті қолдана алатын нақты, негізгі құралдарды үйренуге тиіс. Қысқасы, ЖИ мұғалімнің уақытын үнемдеп, шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беруі керек, – деп ойын жеткізді IT маманы.

М.Әуелханұлының сөзінше, бұдан кейін педагогикалық этика мен жауапкершілік маңызды орынға ие. ЖИ-ді қолданғанда, «барлық жұмысты соған артып қоямыз» деген көзқарас болмауға тиіс. Керісінше, мұғалім – басты тұлға, ал технология – көмекші құрал, әсіресе деректердің құпия­лығы мен академиялық адалдықты сақтауға аса мән берген жөн. Маманның ойынша, ұстаздарды оқыту техникалық тренинг емес, көзқарасты өзгерту үрдісі. Мұғалімдер жасанды интеллектіні «бәсекелес» емес, «серіктес» деп қабылдаса, білім саласында нағыз сапалы серпіліс болады.

Аида Қуандыққызы ұстаздарға тек курс емес, күнделікті сабағында қолданатын құралдар, жалпы әдістемелік қолдау ауадай қажет дейді. Сарапшы маман осы орайда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары Day of AI ашық әдістемелік кешенін дайындап жатқанын әңгімеледі.

– ЖИ технологиялары үнемі өзгеріп-дамып отырады, бұл кешен де соған сай тұрақты жаңарып, мұғалімдерге жаңа тапсырма, сценарий, түрлі құрал ұсынады, яғни ұстаз әрдайым өзекті әрі заманауи материалға қол жеткізе алады. Қазір Day of AI ашық әдістемелік кешенін қазақ және орыс тілдеріне аудару, еліміздің білім беру жүйесіне бейімдеу жұмысы жүріп жатыр. Басты мақсат – мұғалімдерді оқытуды бір реттік шара ретінде жетілдіру емес, үздіксіз кәсіби даму және тұрақты әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету, – дейді А.Қуандыққызы.

Маманның айтуынша, аталмыш әдіс­темелік кешен таяу арада ұстаздарға қолжетімді болмақ, көмекші жүйе мектеп және колледж ұстаздарымен қатар оқушыларға да пайдасын тигізбек.

Әлбетте, ұстаздардың ЖИ технологиясын меңгеруі – қажеттілік әрі заман талабы. Дегенмен ЖИ бағдарламалары әлі де қазақ тілінде толық қолжетімді емес. ChatGPT жүйесінің өзі ана тілімізде толық жетілген жоқ әрі қазақ тілінің өзіндік ­бояуын, ерекшелігін сіңіре қоймады. М.Әуелханұлы мәселенің себебі мен ше­шімін баяндап берді.

– Мұның астарында ұлттық мүддеміз жатыр. Расында, қазір жасанды интеллект жүйесінің көбі қазақша мәтін құрастырғанымен, сөйлем құрылысы жасанды, бояуы солғын. Себебі  өте қарапайым, қазақ тілінде сапалы деректердің жетіспеуі. ЖИ жүйесі дайын мәтіндерге қарап үйренеді. Мысалы, ағылшын тілінде миллиардтаған кітап, мақала, ғылыми еңбек, әлеуметтік желі дерегі бар, ал қазақ тілінде мұндай көлем өте аз. Ең бірінші кезекте сапалы әрі көлемді тілдік корпус құрастыру қажет, – дейді Мейіржан мырза.

ЖИ-ге жаппай көшеміз деп ұлттық құндылығымыз бен тілдік ерекшелігімізді жоғалтып алуымыз ғажап емес. Маманның ойынша, қазақ тілінің агглютинатив құрылымы, сөз тудыру жүйесі, диалектілер мен тұрақты сөз тіркестерін, тілдік ерекшеліктерді модельге дұрыс үйрету қажет, әйтпесе тілдің жаны жоғалады.

– Егер осы жұмыс жүйелі қолға алынса, 3-5 жыл ішінде қазақ тілін ЖИ жүйелерінде толыққанды қолдану деңгейіне жеткізуге болады. Бұл – тек техникалық міндет емес, тілдің болашағына қатысты стратегиялық жоба, – дейді М.Әуелханұлы.

Одан соң ұстаздар үшін функционалдық сауаты төмен, қарапайым логикалық тапсырмаларды орындауда, ойын жеткізуде қиналатын оқушыға ЖИ құралдарын қалай үйретеміз деген сұрақ туындары анық.

– Басты қателік – ЖИ-ді дайын жауап беретін «құтқарушы құрал» ретінде көрсету. Егер біз балаларды тек қолданушы деңгейінде қалдырсақ, олар дербес ойланудан алыстап, шығармашылық және логикалық қабілетін жоғалтып алады. Ұстаз оқушыға ЖИ берген ақпарды талдап, дұрыс-бұрысын бағалауды үйрету керек. Көлемді мәтіннен негізгі ойды табу, сұрақ қоя білу, пікірін еркін айту – ЖИ-ді басқарудың басты дағдылары. ЖИ көмегін пайдалана отырып, авторлық еңбекті сақтау, плагиаттан аулақ болу бала бойына сіңіретін негізгі құндылық болуға тиіс. Оқушының сыни ойлау қабілетін, мәтінмен жұмыс істеу мәдениетін үйретпей, академиялық адалдықты қалыптастырмай, ЖИ технологиясын балаға үйретем деп талпынуымыз бекер, – дейді А.Қуандыққызы.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұстаздарға әдістемелік қолдау ретінде «ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулық», «Академиялық адалдық қағидаларын» дайындаған. Бұл құжаттар педагогтарға нақты бағдар бере алады. Академияның ресми сайтынан ЖИ-ді функционалдық сауат пен креатив даму мақсатында қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар да қолжетімді. Материалдар мұғалімге STEM және ЖИ технологиясын біріктіріп, сапалы сабақ ұйымдастыруға идеялар ұсынады.

ЖИ технологиясын білім саласына бейімдеу бір күннің әңгімесі емес. ЖИ ұстаз орнын баса алмайтынын, тек көмекші болатынын естен шығармаған абзал. Ал мамандар білім саласындағы бастама сапалы жүретін болса, ұтарымыз көп деп отыр.

Айсұлу СЪЕЗХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: