Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Мемлекет басшысының қолынан М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Егізбаева Сәуле Әбутәліпқызы «Құрмет» орденін, облыстық тілдерді оқыту орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Орынбаева Алтынай Романқызы «Шапағат» медалін алды. Бүгін түстен кейін «Өнер орталығында» өткен салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерімізді құттықтады.
«Биыл алғаш рет шұғылалы көктем мерекесі қарсаңында Президентіміз еліне адал қызмет етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен әйелдер қауымын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде біздің жерлестеріміз де Астана төрінде Президентіміздің қолынан марапат алды! Барша Сыр жұртшылығының және сіздердің аттарыңыздан шын жүректен құттықтаймыз!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы. Көктемнің көрікті мерекесінде құрмет төрінен көрінген марапат иелерін құттықтаймыз!

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!