Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыру бойынша арнайы мәжіліс өтті.
Өздеріңізге белгілі, кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады.
Ауданда өткен жиында осы Жолдауда айқындалған нақты міндеттер сараланды.
– Мемлекет басшысы бүгінгідей халықаралық байланыстар шиеленіскен жағдайда цифрландыру мен жасанды интеллект үдерістерін пайдалана отырып, түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырды. Осы міндеттерді іске асыру үшін нақты шараларды қабылдау қажет. Бұл шаралардың түпкі нәтижесі – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистикасын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлікті және адам капиталын дамыту арқылы халық табысын арттырып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасау, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Жолдауда ауданымыз үшін маңызды мәселелер де қозғалды. Айталық, Мемлекет басшысы еліміздегі транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударып, «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын жеделдету керектігін тапсырды.
Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропа елдеріне тонналаған жүктер тасымалданады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ауданымыздағы Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендеріне жол қатынасы жеңілдеп, тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, кәсіпкерліктің дамуына мол мүмкіндік туады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында Солтүстік Арал теңізін сақтау және оны толтыру туралы да сөз қозғады.
Жолдауда айтылған осы және өзге де басымдықтарды назарға алған аудан әкімі өңірге қатысты тың бастамалардың жүзеге асуын қазірден назарға алып, тиісті жұмыстарды атқару керектігін жауапты аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары және ауыл әкімдеріне жүктеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!