Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, жол жүру және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі жиналыста аймақ басшысы жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
«Президентіміздің Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды. Аталған құжат негізінде Өңірлік жоспарды әзірлеп, бекітуіміз қажет. Бұл жұмыстарға барлық басқарма, қала, аудан әкімдіктері, аумақтық департаменттер мен инспекциялар, өңірлік жоғары оқу орындары жұмылдырылуы керек. Облыстық экономика және қаржы басқармасы Президентіміздің Жолдауындағы тапсырмаларды өңірлік жоспарға енгізіңіздер. Облыстағы, яғни Түркістан облысының шекарасынан Ақтөбеге дейінгі аралықтағы демалыс орындары мен жол бойындағы сервистік нысандарды, автомобиль жолдары мен теміржол бойындағы нысандарды, туристік аймақтарды, олардың қасбеттерін, аумағының санитарлық тазалығын талапқа сәйкестендіріп, қатаң бақылаңыздар. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына қатысты ешқандай мәселе болмауы тиіс», – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, бейнебақылау камералары мен стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғыларын орнату, опто-талшықты желілер тартуды толық аяқтап, қараша айында іске қосу міндеттелді.
Айта кетейік, биыл өңіріміздегі жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардан соң жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!