Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 07:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ЖРВИ мен тұмаудың аймақтағы ахуалы қандай?

06.12.2023

643 0

 Қызылорда облысы бойынша 2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда жіті респираторлы вирусты инфекцияның 29404 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 67 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы ауруханаға жатқызу көрсеткіші 5 пайызды құрады.

2023-2024 жылғы эпидмаусымда облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 833 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмау ауруының 46 жағдайы нақтылады. Басым бөлігі, яғни 71,4 пайыз облыс орталығында тіркелді.

Тұмау емес вирусты анықтау мақсатында 679 сынама зерттеумен қамтылып, нәтижесімен 156 тұмау емес вирустар анықталды.  

Тұмау ауруының алдын алудағы ең тиімді әдіс – вакцинация. Вирусқа қарсы иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады. Бұл екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайларын, өлім-жітімді төмендетеді, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді, жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Вакцинация-қауіпсіз. Екпе алғаннан  кейін кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну, бас ауыруы және бұлшық ет ауыруы, азғана дене қызуы, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай және бұл әсерлер тез жойылады.

Тұмау ауруының алдын алу мақсатында ҚР Үкіметінің «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту  туралы» Қаулысына сәйкес 84430 доза вакцина сатып алынды. 

Екпе емханалардағы егу кабинеттерінде жүргізіліп, 83168 азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды, оның ішінде балалар саны-20418, ересектер саны-62750. Жұмыс берушілер тарапынан 1000-нан астам жұмысшы егілді.

Жалпы облыс бойынша 2023-2024 жылғы эпидемиологиялық маусымда 84168 азамат тұмауға қарсы егіліп,  облыс тұрғындарының 10  пайызын құрады.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ, тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы кезінде адам көп жиналатын, желдетілуі нашар, жабық үй-жайларға баруды, әсіресе балаларды ертіп баруды мүмкіндігінше шектеуге кеңес береді, халық көп шоғырланатын орындарда бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтау да маңызды, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да өзекті. Себебі бұл сақтық шаралары тек тұмау емес, өзге де инфекциялық аурулардың алдын алуға өз септігін тигізеді.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: