Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын арттыруды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады», дейді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек.
«Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ, елімізде оның үлесі әлі де төмен – небәрі 7 пайызға жуық», дейді Қ.Тоқаев.
Президент Үкімет контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауы қажет екенін атап өтті. Онда мультимодальді бағыттарды дамытатын пәрменді шаралар да қарастырылуға тиіс.
«Жүк тасымалдаушылар рәсімдердің көп уақыт алатынын айтып, жиі шағымданады. Олар әр қызметті түрлі цифрлық жүйе арқылы рәсімдеуге мәжбүр. Тіпті, бұрынғыдай қағаз толтырып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Бұл да жұрттың наразылығын туғызады. Осындай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосқан жөн екенін айтты. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді.
«Шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Биыл 8 бекет толығымен іске қосылады. Алдағы 3 жылда тағы 34 бекет жаңарады. Бұл – өте ауқымды шаруа. Себебі, кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сай келмейді, еліміздің беделіне нұқсан келтіреді.
Автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру – өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқауылсыз өтуіне барынша жағдай жасау қажет», деді Президент Жолдауында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!