Қызылорда қалалық мәслихатында экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті. Жиынға тұрақты комиссия төрағасы М.Әбдіқалықов төрағалық етті. Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Д.Абызов, облыстық басқармалар мен департаменттің, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ, облыстық кәсіпкерлік палатасы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» өкілдері, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында ең маңызды деп саналатын екі мәселеге қатысты талқылау өтті. Оның бірі – «Қызылорда қаласында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалу барысы туралы», екіншісі – «Қала аумағында жергілікті өнеркәсіп орындары мен өңдеу өнімдерін дамыту мен іске асыру барысы туралы» .
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасады.
Бөлім басшысының айтуынша, үкіметтің «2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру аясында Қызылорда қаласының ауылдық аймақтарында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымды дамыту бойынша елді мекендерде ауызсу 100% қосылған, газдандыру деңгейі – 61,5%, 5 елді мекенді газдандыру жобалау жұмыстары жүргізілуде, 2023-2024 жыл аралығында 79 көше (69,4 шақырым) пайдалануға берілсе, 2025 жылы 27 көше (30,2 шақырым) күрделі жөндеуден өткен. Электр желісін жаңғыртуға 3629,9 млн теңге бөлініп, 123,6 шақырым желі салынуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасымен биыл Қызылжарма ауылында 600 орындық мектеп ашылып, 2026-2027 жылдары Ж.Маханбетов ауылында мектеп салу жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 2 жаңа нысан пайдалануға берілді.
– Сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған ауызсуға 100 пайыз қосылған. Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейі бойынша қазіргі таңда 13 елді мекеннің 8-і газдандырылды. Олардың қатарында Талсуат, Абай, Досан, Маханбетов, Қызылжарма, Қарауылтөбе, Баймұрат, Талдыарал ауылдары бар. Осылайша газбен қамтылу деңгейі 61,5%-ға жетті.
Қазіргі уақытта Қызылөзек ауылдық округінде газдандыруға жоба сметалық құжатын әзірлеуге қалалық бюджеттен 26,3 млн теңге бөлінді.
Мәдениет саласы бойынша 9 мәдени нысан жұмыс істеуде. 2023 жылы Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округінде 150 орындық клуб нысаны пайдалануға берілді, – дейді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда Тасбөгет кенті мен Ақсуат ауылдық округі спорт кешені пайдалануға беріліп, 7 ауылдық округте ойын алаңы пайдалануға берілген.
Облыс әкімінің өкімімен бекітілген «Құрылысын салуға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарының» тізбесіне сәйкес Белкөл кенті, Қызылжарма, Қарауылтөбе, Ақжарма, Қосшыңырау, Талсуат ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысын салу жоспарланғаны айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы М.Жетілгеновтің баяндамасы тыңдалды.
Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы өнеркәсіп өндірісі 401,6 млрд теңгені (81,9%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 78,4 млрд теңгеге (100%) жетті.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің жобасын жеңілдетілген несиелендіру жыл сайын артып келеді. Әсіресе өндіріс саласындағы жобаларға ерекше назар аударылып, басымдық берілуде.
– Мәселен, биыл екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 3,6 млрд теңгеге 64 жоба қаржыландырылса, оның 2 млрд теңгені құрайтын 32 жобасы өндіріске бағытталған. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті деңгейде өндіріс саласын қаржыландыру шаралары үздіксіз жүзеге асырылуда.
Өткен жылдан бастап «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы іске қосылып, өткен жылы 299,5 млн теңгеге 16 жоба, биыл 293,5 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылды, – дейді бөлім басшысы.
Бөлім басшысының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңдірістік бағытта 217,15 млн теңгені құрайтын 25 жоба жеңілдетілген пайызбен несиелендірілсе, өндірістік бағытта қаланың сол жағалауындағы шағын өнеркәсіп алаңы «Тұмар» ЖК іске қосылып, онда 7 кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Оларға 3%-бен 155 млн теңгеге қолдау көрсетілген.
Тағы бір жағымды жаңалық, сол жағалауда екінші шағын өнеркәсіптік алаңның құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, өңдеу бағытында құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Атап айтсақ, нан-тоқаш кондитерлік өнім шығару кешені, заманауи кірпіш шығару зауыты, жоғары технологиялық айна шығару зауыты шағын өнеркәсіптік паркі, жиһаз және тұшпара өндірісі іске қосылып, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, қаланың өсіп-өркендеуіне жол ашылуда.
Сонымен қатар күріш ақтау зауыты, қағаз-картон өндірісі, шағын өнеркәсіптік алаңы және қайталама шикізатты дайын өнімге қайта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін іске қосылу жоспарлануда.
– Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан ірі жобалардың бірі қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығы жақын күндері пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу зауытының құрылысы басталды. Зауыт іске қосылса, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, – дейді бөлім басшысы.
Комиссияның назарына ұсынылған мәселелерді талқылауда депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды.
Атап айтқанда, депутат М.Есжанов қалаға қарасты 5 елді мекеннің (Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма) бас жоспарын жаңарту, Қарауылтөбе елді мекеніндегі тұрмысы төмен отбасына берілген 33 баспананың құжатын реттеу және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, ауылдық округтерде қоқыс қалдығы мен мал қиын тастайтын полигон салу мүмкіндігін қарастыруды айтса, депутат А.Мұсабаева кент, ауылдық округтерде салық түсімін көбейтіп, кіріс кіргізу жайын, кәсіпкерлік нысан мен инвестиция тарту мақсатында әкімдер рейтингісін жасауды ұсынды. Ал депутат А.Төлегенова Тасбөгет кентінің бас жоспарын дайындауды мерзімінде аяқтау, «Даму» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы берілетін несиенің пайызын төмендету жайын қозғаса, мәслихат төрағасы И.Құттықожаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс орнын көбейту, ауыл әкімдерінің 5 жылдық жұмыс жоспарын дайындап, инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орнын ашудағы белсенділігін бағалауды, депутат Б.Сыздықов өңдеу өнеркәсібі бағытында іс бастайтын азаматтарды мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруге ынталандыру, ол бағытта кеңінен түсіндірме жұмысын жүргізуді ұсынды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!