Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бүгін 730 елді мекеннің әкімі сайланады

25.07.2021

1162 0

Бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен 730 елді мекеннің әкімі сондағы тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен.

Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған.

Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр.

Өз үміткерлерін ұсынған партиялардың атынан қатысатын байқаушылардан бөлек, «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі де дауыс беру процесінің әділ өтуін қадағаламақшы.

«Сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктерін ескеретін байқаушының блокнотын әзірлеп, байқаушылардың бәріне тапсырдық. Сайлау күні заңбұзушылық анықталса, сол блокнотқа тіркеп отырады. Байқаушылардың бәріне сайлау учаскелеріне кіруге қажет құжаттар берілді. Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Ешқандай партия өкілдеріне болсын, мемлекет билігіне болсын, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне болсын, бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз. Заңнамалық тұрғыда сайлау үдерісіне кедергі жасамай, байқау жүргіземіз», – дейді бірлестіктің төрағасы Төлеген Күнәділов.

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді.

25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.

Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде бүгінгі күннің қорытындысы шығарылуы керек. Жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Осыны ескерсек 2022 жылдың басында ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады деген сөз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: