2026 жылғы 13 ақпанда Қызылорда қаласындағы Достық үйі мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының өкілдері мен этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың мәжілісі өтті.
Мәжіліс 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумды қолдау және оның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Онда референдумның ел дамуы үшін стратегиялық мәні, қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі және саяси жаңғыру үдерісіндегі орны жан-жақты талқыланды. Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер құқықтық мемлекет қағидаттарын бекемдеуге, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және елдің тұрақты дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, тарих және археологиялық білім беру бағдарламасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, модератор Айтжан Оразбақов өз сөзінде референдум нәтижелері халық сенімінің айқын көрінісі екенін айтып, ғылыми қауымдастықтың міндеті – қабылданған шешімдердің мазмұнын терең түсіндіру екенін жеткізді.
Облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов өз сөзінде ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылық кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты негізі екенін жеткізді. Ол референдум халықтың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауына мүмкіндік беретін маңызды саяси қадам екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Майнұр Бөрібаева референдумның ғылыми-қоғамдық маңызына тоқталып, оның құқықтық мәдениетті арттырудағы және азаматтық жауапкершілікті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай маңызды саяси үдерістер қоғамның саналы түрде дамуына және демократиялық қағидаттардың нығаюына жол ашады.
Сонымен қатар, Қоғамдық келісім КММ директорының орынбасары, философия докторы (PhD) Дәулет Омаров ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Ал аталған университеттің комплаенс офицері, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев өз сөзінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау жолында әр азаматтың белсенді ұстанымы маңызды екенін айтты. Ол референдум – халықтың ортақ болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды саяси құрал екенін атап өтті.
Жиын қорытындысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Аман Абасилов, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбілов, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жақсыбай Жакеев өз ой-пікірлерін білдірді.
Олар референдумның ел дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы маңызын жоғары бағалай отырып, ұсынылып отырған өзгерістердің жекелеген нормаларына, соның ішінде тіл мәселесіне қатысты баптардың мазмұнын кеңінен түсіндіру қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қабылданатын шешімдердің мәнін тереңірек ұғынуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Спикерлер сондай-ақ бастамалардың қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдің орнықты дамуына бағытталғанын қолдайтындарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
