Бүгін – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі. «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаятынан» басталатын қазақ баспасөзінің тарихына көз жүгіртсек, талай сыннан өтіп келеді. Газет шығару ісі қашанда оңай болған емес. Алайда қандай жағдайда да өзге кәсіп тоқтаса да, газет шықпай қалған кез болған емес. Әр уақыттың сынына шыдас беріп, бүгінгі күнге дейін жеткен газеттің ұлт болып қалуымызда алар орны бөлек. Қарапайым ғана мысал, қай кезде де, қай уақыттың да тарихын түгендесек, архивтегі сарғайған мерзімді басылымдарды парақтайтынымыз шындық.
Өзінен гөрі өзгенің мүддесін жоғары қоятын, қоғамның үнін жеткізу үшін уақытпен санаспайтын, мамандығына адал қалам ұстаған қауымның жанкешті еңбегіне белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза бір ауыз сөзбен анықтама берген: «Мен аса жауапты да, мәртебелі журналистер еңбегін көтергені алтын, жегені тікен дала алыбы – түйеге теңер едім», – деген сөзі нақылға айналып кетті десек артық болмас.
Уақыт алмасып, технология сәт сайын қарыштап дамыған ғасырда «газетті кім оқиды?» деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Алайда технократтар ғасырында бүгінді емес, ертеңді ойласақ газет қажет екенін іштей мойындайтындар аз емес. Мереке күні газет шығарудың мың сан мәселесін, журналистің жайын айтып мұң шағудан аулақпыз. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ел ертеңі үшін еңбек етіп, Шерхан Мұртаза айтқандай, «алтын арқалап, жантақ жеген» барша журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтаймыз! Сондай-ақ бізге сенім артқан, әр нөмірді асыға күтетін, ерінбей хат жазатын, бізге әрдайым тілекші мыңдаған оқырманды да мерекемен құттықтағанды жөн көрдік. Кешелі бері журналистердің қоғамдағы орны, еңбегі дәріптеліп, құрмет төрінен көрініп жатыр. Әрдайым құрмет төрінде болыңыздар, әріптестер! Кәсібіне адал қалам ұстаған қауым барда қазақ журналистикасы жарқырай береді!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!