Қоршаған ортаға қамқор болу, жаңа қоғамның мәдениеті. Осы тұрғыда елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы халықты біріктіріп, ортақ іске жұмылдырып келеді.
Сырдың бас шаһары да бұл игі істен шет қалған жоқ. Сенбі сайын қала тұрғындары ұйымшылдық танытып, көшелерді қоқыстан тазалап, абаттандырып, ағаш отырғызып, шаһардың ажарын көркейтуге үлес қосуда. Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты. Соңғы деректер бойынша елімізде 860 мың гектардан астам аумақ тазаланып, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылған.
Сенбілікке біз де арнайы шықтық. Қолына күрек алып, ағаш отырғызып, қоқыс теріп жүрген жандардың еңбек қарқыны ерекше. Бірі топырақ тасып жүрсе, енді бірі көшет отырғызып әлек. Көше бойы тазарып қалған.
– Қазіргі таңда елімізде «Таза Қазақстан» атты республикалық сенбілік кең ауқымда өткізіліп келеді. Бұл игі шара біздің өңірде де тұрақты түрде жалғасып, қала келбетін көркейтуге үлес қосуда. «Қызылорданың таза қала» атануы да осындай жүйелі тазалық жұмысының нәтижесі. Бүгінгі күнде әр мекеме ұжымы өз маңайын ретке келтіріп, сондай-ақ саябақтарда сенбілік шаралары жүргізілуде, – дейді сенбілікте жүрген Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Дархан Бақтияров.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!