Қазақстанда соңғы үш жылда денсаулық сақтауға жұмсалатын қаражат 2,8 есе артқан. Бірақ шығыс артқанымен, емдеу сапасына еш әсер етпеген. Бұл туралы парламентте өткен Үкімет сағатында Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева айтты, – деп хабарлайды kursiv.
«Өкінішке орай, денсаулық сақтауға шығыстардың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Мәселен, соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген», – деді вице-спикер.
Еспаеваның айтуынша, диагностикалық қызметтер тұрақты өсіп жатыр. Мысалы, консультациялық – диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен. Бірақ бұл жағдай ауруды ерте анықтау көррсеткішіне еш әсер етпеген. Саланы қаржыландыру көлемі артқан. Бірақ ескіден келе жатқан жүйелі проблемалар әлі де шешімін таппаған.
Еспаеваның айтуынша, барлық медициналық ұйымдар фокусты «пациентке» бұрмай, көбінде табысқа мән береді. Барлық мелициналық мекемелерде осындай жағдай қалыптасқан. Адамды емдеуге емес, табысын арттыруға жұмыс істейтіндей. Вице-спиккер бұл тенденцияны өзгерту қажет деп санайды.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жарнасын арттыруды көздеп отыр. Депутаттар бұған қарсы. Олардың айтуынша, жарнаны арттыру принципі жұмысшылар мен жұмыс берушілерге теңсіз қаржылық ауыртпалық түсіреді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!