Жер-дүниені шуағына бөлеген шұғылалы мерекеде шыншыл ару туралы аз-кем сөз қозғасақ дейміз. Ол – әділет сержанты Алмас Перизат Қонысбекқызы. Қазіргі таңда ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі болып қызмет атқарады. Үш жыл ішінде үздіктер қатарынан көрінген оған қызметтің қиындығы үрей тудырмайды.
Күлбелектемей ойың кесіп айтатын турашылдығы тәртіптің тізгінін тартып ұстауына түрткі. Әйтпегенде, салмақты сала сылбыр қимыл мен көпірме сөзді керек етпейді. Перизат Қонысбекқызы деректерді дер кезінде тіркеп, ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтауда алаңғасарлық танытқан емес. Заң үстемдігін нығайту және қоғам қауіпсіздігі жолындағы өнімді еңбегі өрлеуге бастары хақ.
Перизат Қонысбекқызы танауын көкке көтерер тәкаппарлықтан ада, жаны таза. Кішіпейіл әрі өзіне жарасымды өрлігімен ұжымда беделді. Шаршы тақтадағы тартыс – бос уақытында ми тынықтыратын тәсілі. Яғни, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнауда қарсыласты қапыда қалдыратындай қабілеті бар.
Ол қызметімен қатар отбасының да орасан бақытын үйлестіріп отыр. Аяулы жар, ардақты келін. Мақсаты – міндетін мінсіз орындап, ұстанымынан айнымау.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
