Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ислам – ынтымақ діні

10.10.2024

278 0

Ислам – әлемдік діндердің ішінде таралуы бойынша екінші орында тұрған дін болып саналады. Қазіргі уақытта жер бетіндегі мұсылмандардың саны 2 миллиардтан астам адамды құрап отыр.

Дегенмен, қоғамда «ислам» сөзі кейде «радикализм», «террор», «экстремизм» сынды қауіпті ұғымдармен тіркесіп жүргенін көзіміз шалып жатады. Соның салдарынан, дін туралы жеткілікті дәрежеде ақпараттанбаған адамдардың ойында ислам діні жайлы негативті көзқарас қалыптасады. Ал, шын мәнінде ислам дінінің табиғаты қандай? Осы тақырыпты талдап көрейік.

«Ислам» сөзі араб тіліндегі түбірі «сәләм» деген сөзден шығады. Оның қазақша мағынасы «бейбітшілік, татулық, ынтымақ, қауіпсіздік» дегенді білдіреді.Мұсылманша «әссәләмуалейкум» деп амандасудың да мәні «сізге тыныштық, бейбітшілік болсын» деген сөз.

Атауының өзі татулыққа үндейтін діннің қоғамға зиян тигізуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ислам дінінің негізгі қайнар көздері Құран мен хадистерде адамдар арасындағы татулық пен бірлікке қатты мән беріледі.

Мәселен, Бақара сүресінің 256-аятында «дінде зорлық жоқ» делінген. Бұл аяттан бізешқандай адамды мәжбүрлеп, күштеп дінге кіргізуге болмайтындығын түсінеміз. Құдайдың өзі адамға ерік беріп тұрғанда, ол еркіндікті өзге адамның тартып алуына жол берілмейтіндігін ұғамыз.

Осы ұстанымның жарқын көрінісіретінде ислам тарихында 622 жылы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен Медина қаласының халқы арасында қабылданған «Медина конституциясы» немесе «Медина декларациясы» деген атаумен белгілі құжатты айтуға болады. Оның ішінде түрлі дін өкілдерінің бір елде қалай бейбіт өмір сүру керектігі көрсетілген. Әрбір дін өкілінің өз сенімін еркін ұстанып, өзгелерге кедергі келтірмей, ынтымақ-бірлікте болуы керектігі айтылған.

Тіпті пайғамбардан жеткен «мұсылмандардың жерінде өмір сүретін басқа дін өкілдеріне қысым жасайтындар менің үмметімнен емес» деген хадистері де кездеседі. Бұдан біз Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі мұсылмандармен де, мұсылман емес кісілермен де бірлікте өмір сүргендігін, олармен өте көркем түрде қарым-қатынас жасағандығын көреміз.

Сондай-ақ, хадистерге үңілер болсақ, Сахих Муслим жинағында «нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» делінген. Яғни, өзін мұсылман санайтын адам айналасындағы адамдарға зиян тигізбеуі керек. Керісінше, қоғамға пайдалы іс істеп, көркем мінезділіктің үлгісін көрсетуі шарт. Себебі, пайғамбар тағы бір хадисінде «сендердің ең жақсыларың – адамдарға пайдалы болғандарың» деген.

Қазақ даласында ислам дінінің шынайылығын түсіндірген Абай Құнанбайұлы өз өлең жолдарында:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті»,- деп бекерден-бекер жырламаса керек. Ақынның өлең жолдарынан хақ діннің қашанда адамзатты мейірімділік пен бауырмалдыққа үндейтінін көреміз.

Қорыта айтқанда, ислам дінінің табиғаты тек бейбітшілік пен ынтымақтастыққа құрылғанын анық түсінеміз. Себебі, ислам шариғаты әділеттілік, толеранттылық, сүйіспеншілік принциптеріне негізделген.

Сондықтан, әрбір мұсылманның міндеті – адамдар арасында алауыздықты болдыртпай, бейбіт қоғам құру болып табылады. Міне, осы келтірілген ақпараттардан-ақ шынайы ислам дінінің қоғам арасында іріткі тудыратын түрлі теріс идеологияларғаеш қатысы жоқ екендігіне көз жеткіземіз.

Дәулетсейд  Жарылқасын

Қызылорда облысының дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» коммуналдық мемлекеттік

мекемесінің дінтанушы маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: