Рухани көшбасшылардың ұсынымдары негізінде 2033 жылға дейін Съезді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, оның жүзеге асырылуы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде мәлімдеді.
Айтуынша, құжаттың бірнеше мақсаты бар.
Олар: бейбітшілікті қамтамасыз ету, шығармашылық тұрғыда қатар өмір сүруді қалыптастыру және баршаға ортақ құндылықтарды бекіту. Осының бәрі теңдессіз геосаяси шиеленіс жағдайында айрықша мәнге ие, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент съез қорытындысында қабылданған декларациялар БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаттары ретінде таратылып келетінін алға тартты.
80-ші мерейтойлық сессия да бұл дәстүрден тыс қалмайды деп үміттенемін. Қазақ жерінде әлемдік діндер мен конфессиялардың барлығы тоғысып, өзара ықпалдасты. Бүгінгі Қазақстанда біз осы дәстүрді сақтауға және дамытуға бар күшімізді салып келеміз. Еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуде мол тәжірибе жинақтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі басталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!