Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 23:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

1 әулетте 9 мұғалім

21.12.2020

1571 0

Қанатсыз құс, армансыз адам болмайтыны секілді ұстаз тәлімін алмаған адам жоқ. Хан да, қара да өсиетін бойына сіңіріп, тәлімін өмірлік ұстанымына айналдырады. Бүгінгі біз жазғалы отырған Жапбасбаевтар отбасы – осындай өнегені өмір өзегіне айналдырған әулет. 

Оларды Сыр өңірінде «Мұға­лімдер династиясы» деп те атай­ды. Бұлай аталуы да негізсіз емес. Ұстаздар әулеті 1949 жылдан бері ұрпақ тәрбиелеу ісін үзіксіз жалғастырып келеді. Содан бері бұл шаңырақта мектеп пен мұға­лім, бала мен білім деген ұғым өмірлік ұстанымға айналған.

Ұстаздар әулетінен тоғыз педагог шығып, шәкірт тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп келеді. Ұстаздар ұлағатынан тәлім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпі­рінде абыройлы жұмыс жасауда.

1  әулетте  9  мұғалім

Әулеттің алғашқы ұстазы Қайырбек Жапбасбаев 1925 жылы Қызылтам бекетінде дүниеге келген. 1949 жылы жоғары оқу орнын үздік бітіріп, сол жылы мектепке орналасып, мұғалімдік еңбек жолын бастайды. 1951-1957 жылдары Панфилов атындағы 7 жыл­дық мектепте ұстаз, мектеп директоры болды. Содан соң Жосалы кентіне қоныс аударып, №26 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте мұғалім, 1965 жылдан зейнетке шыққанша А.Жанпейісов атындағы қазақ орта мектебінде тарих, география пәндерінің мұғалімі болып, жұмыс істеді. Жасаған жұмысы мен атқарған еңбегі ескеріліп, «ҚазССР білім беру ісінің үздігі», «Лениннің туғанына 100 жыл» және 1941-1945 жылдардағы тылдағы еңбегі үшін медальдарымен марапат­талды. Ол ел басқару жолында үлкен лауазымды қызметте бол­маса да сол жолда азаматтар тәрбиелеп шығарды. Әр баланың өмір жолына өз қолтаңбасын қалдырды. Жары Қалдыгүл Шадаева да мұғалім мамандығын таңдаған ұлағатты жан. Ол Қызылорда педагогикалық инс­титутын бастауыш сынып мұға­лімі мамандығы бойынша біті­ріп, зейнеткерлік демалысқа шыққанша 40 жыл А.Жанпейісов атындағы №105 орта мектебінде абыройлы еңбек етті. Екеуі 7 ұл, 2 қыз өсіріп, бақытты отбасының негізін қалады.

Екінші ұлдары Ұзақ та мұға­лім. ҚАЗМУ-дың механика-мате­матика бөлімін үздік бітіріп, кейін­нен осы сала бойынша ғылым кандидаты атанды. 1991 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2009 жылы Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымы академиясының академигі болып сайланды. Ресей, Швеция, АҚШ, Италия, Жапония, Польша, Канада, Түркия мемлекеттерінде ғылыми баяндамалар жасады. Бүгінде Ұзақ Қайырбекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ғылым және инновациялық жұмыстар де­пар­таментінің директоры. Мем­лекеттік сыйлықтың иегері.

Кенже қыздары Ләззат Жапбасбаева 1989 жылы С.М.Киров атындағы қазақ гума­нитарлық университеттің география факультетін бітіріп, Қар­мақшы ауданындағы №183 орта мектепте география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орна­ласады. Содан бері осы ұстаздық жолда еңбек етіп келеді. 2015 жылдан бастап Қызылорда қала­сындағы №187 М.Шоқай атын­дағы мектеп-лицейінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Күйеу баласы Бақытжан Алтынбасов та мұғалім. Ол орыс тілінен сабақ берді. 

Келіндері Дәмеш Рахатова мен Бақыт Ізбасқанова – мате­матика пәнінің мұғалімі болса, Қайырбек ағаның немересі Біржан Жомартұлы да ұстаздық жолды таңдады. 2010-2018 жыл­дары Қ.Сәтпаев атындағы поли­техникалық университетінің мұ­най газ факультетінде оқытушы. 2016 жылдан мұнай газ саласы бойынша PҺD  докторы. Тағы бір немересі Жанар Алматқызы Байқоңыр қаласындағы №19 бала­бақшада тәрбиеші-педагог.

Міне, бір әулетте жалғасқан ұстаздық жол осылайша ұрпақтар сабақтастығына айналып келеді. Хакім Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» де­ген сөзінде үлкен мән бар. Өйткені парасат пен ізгілік, ұлттық рух пен туған тілдің құдіреті, білім мен талап – мұғалім бойындағы қастерлі кие.

– Бала күнімізден ата-ана­мыздың мектепте мұғалім бол­­ғанын мақтаныш етіп оты­­ра­­тынбыз. Кейіннен қызығу­шы­­лығымыз бен құрметіміз арта түсті. Бүгінде ұстаздық жолды ата-ана аманатындай ардақтап, ұрпақ тәрбиелеу жолында қажыр-қайратымызды жұмсап келеміз, – дейді Ләззат Жапбасбаева бізбен әңгімесінде. 

Иә, ұстаз – ұрпақ тәрбиесіндегі ең ұлы қызмет. Бір әулеттен 9 педагог шыққан отбасы қандай  құрметке де лайықты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: