Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Шакизат Халықова Мәжілістің кулуарында Ақтөбе облысында сәбилі болған 14 жастағы қыздың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәліметінше, қыз бала мектеп ғимаратында емес, ауруханада босанған.
Ол спортзалда босанған жоқ. Сабақ кезінде ішінің қатты ауырғанын сезіп, аудандық ауруханаға жеткізілді. Сол жерде оның жүкті екені анықталып, толық медициналық көмек көрсетілді. Босану сәті асқынусыз өтті, ұл бала дүниеге келді. Жасөспірім алғаш рет босанғандықтан, ана мен бала кейін облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырылды, – деді Шакизат Халыкова.
Департамент директорының айтуынша, ананың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Қыз балаға психологтармен жұмыс жалғасып жатыр.
Ата-анасымен де әңгіме өткізілді, олар сәбиді өздерімен бірге алып кетуді жоспарлап отыр. Қалған мәліметтер құпия сақталады, – деп түйіндеді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!