15 шілде – бүкіләлемдік жастар дағдылары күніне орай өңірлік коммуникация орталығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ж.Н.Базартай брифинг берді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем елдерінің үкіметтеріне өмір сүру экономикалық жағдайына, сондай-ақ, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасына назар аударуы мақсатында 15 шілде – Бүкіләлемдік жастар дағдылары күні деп бекітті.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде кез келген студенттің оқу-тәрбие үдерісінде өзін-өзі дамытуына барлық жағдайлар жасалған. Ол үшін 7 оқу залы, 2 электрондық оқу залы, 2 миллионнан астам кітап қоры, жаңа үлгідегі компьютерлік парк, 64 мамандандырылған оқу зертханалары, әрбір кафедраның жанындағы пәндік үйірмелер, «Мәңгілік Ел» оқу-ғылыми орталығы, «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залы, университеттің тарихи мұражайы, Студенттер сарайы, дыбыс жазу студиясы, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, 7 спорт залы мен 3 жазғы спорт алаңы, 7 студенттік асхана, 3 студенттік жатақхана, медициналық пункт қызмет етеді. Сонымен қатар, университеттің барлық оқу ғимараттарында музыкалық күшейткіштер мен білім алушыларға арналған демалыс орындары бар.
Жандос БазартайҚорқыт ата Атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры:
2021 жылдың сәуір айында тұңғыш рет университет ғылыми гранты аясында жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің конкурсы өткізілді. Жеңімпаздарға жаңа оқу жылында 10 млн теңге қаражат бөлінбек. Гранттың басты мақсаты – жастардың өңір экономикасының өзекті проблемаларына арналған зерттеулеріне қолдау көрсету, оларды жаңа ізденістерге жігерлендіру.
«Университетте білім алушыларды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Business Start» жастар кәсіпкерлігі орталығы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда орталық бастамасымен 33 жоба жүзеге асты. 89 студент өз бизнесін бастап жас кәсіпкер атанды. Аталмыш жобаларға осы уақыт аралығында 88 млн. теңге инвестиция салынып, 22 млн. теңгені «Zhas project» жобасы аясында біздің университет студенттері жеңіп алды. «Business Start» жастар кәсіпкерлігі орталығы «Astana Hub», «IT-park», Қызылорда облысы әкімдігімен және т.б орталықтармен тығыз әріптестік байланыс орнатқан»,-деді.
Университетте студенттердің бойында отансүйгіштік, көшбасшылық және бәсекеге қабілеттілік қасиеттерін дамыту мақсатында, сонымен қатар білім мен ғылымға баулу, өнер және спортпен белсенді айналысуға бағыттайтын 21 жастар ұйымдары еріктілер ретінде жұмыс жасайды.
2021 жылы – халықаралық және республикалық білім және өнер олимпиадалары, конкурстары мен байқаулардың жеңімпаздары – 104. 2021 жылы – облыстық білім және өнер олимпиадалары, конкурстары мен байқаулардың жеңімпаздары – 179. Университетте жас өнерпаздарды қолдауға бағытталған шаралар жүйелі түрде атқарылып тұрады.
2021 жылы республикалық студенттік айтыстарда студенттеріміз Орынбасаров Бексұлтан бас жүлдені жеңіп алса, Бақытәлі Жамбыл 1-ші жүлделі орынды иемденді. Университет түлектері мен студенттерінен құралған КТА(көңілді тапқырлар алаңы) командасы 2020 жылы вице-чемпион атанса, қазіргі таңда финалдық ойынға жолдама алды. Білім ордамыздың Жайдарманшылары (КВН) республикалық лигаларда нәтижелі ойын көрсетіп, орталық лигаға жолдама алды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!