“Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасының 403 қатысушысы кадрлық резервке енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылдан бері елімізде “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” стратегиялық жобасы іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.
Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба нәтижесінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанды. Оның ішінде 397 басшының орынбасары, 186 педагог бар. Қазіргі уақытта олардың 419-ы немесе 71%-ы лаузымдарға тағайындалған.
40 директор “Келешек мектептері” Ұлттық жобасы аясында ашылған мектептерді басқарып отыр.
Ал 2025 жылы Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп директорларының орынбасарларын оқыту 21 шілдеде басталып 12 қыркүйекте аяқталды. Білім берудегі өзгеріс көшбасшылары бірнеше кезең бойы іріктеліп, үш деңгейде біліктілігін арттырды. Соның ішінде базалық деңгейден бастап, сараптамалық, кәсіби дайындық деңгейіне дейін әртүрлі бағдарламалар қамтылған. Бұл оқу бағдарламалары мектепті тиімді басқаруға қажетті дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Болашақ мектеп директорларын оқытуға арнайы дайындықтан өткен, сертификатталған тренерлер тартылды. Олар мектеп басшыларың біліктілігін арттыруда 12 жылдан астам тәжірибесі бар, аталған бағдарлама бойынша Кембридж Бағалау кеңесінің сертификаттарына ие мамандар.
Нәтижесінде, 411 кандидат қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге жіберілді. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша ұсынылған 403 кандидатқа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сертификаттар табыстап, кадрлық резервке қабылдады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!