Қаладағы бұрынғы «Ақмешіт» институты мен «Болашақ» университеті бірікті. Енді аймақта «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте екі оқу орнының басшылары мәлімдеді.
– Соңғы кезде әлеуметтік желіде, халық арасында «Болашақ» университеті жабылыпты. Студенттер қайда барады? деген әңгіме айтылып жүр. Тіпті, кейбірі менің суретімді салып басқаша ақпарат таратып жіберген екен. Бұл жалған ақпарат. Шын мәнінде өткен жылдың аяғында оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Бұл жұмыстағы кемшіліктерге байланысты және жеке университеттерді біріктіру мақсатында жүргізілді. Мұндай өзгеріс өзге қалалардағы университеттер арасында да болып жатыр. Бұдан студентке де, мұғалімге де еш қиындық болмайды, – деді «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов.
Ал Қызылорда технология және қызмет институтының (бұрынғы «Ақмешіт») құрылтайшысы Қылышбай Бисенов ашық университет құру әлемдік тәжірибеде бар екенін тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы білім сапасына ерекше назар аударуда. Жеке оқу орындарын ірілендіру әлемдік тәжірибеде бар. Сол тәжірибені өз өңірімізде де қолданудамыз, – деді ол.
Аймақтағы ірі оқу орны жабылады деген қауесет тараған тұста көп студенттер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ауысуға өтінім берген. Аталған оқу ордасының ректоры Бейбіткүл Сәрсенханққызы бүгінгі таңда 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан, 32 білім беру бағдарламасымен 1200-ге жуық 1-4 курс студенттерінен өтініш түскенін айтады. Қазір ауысу процесі жүргізілуде. Студенттер оқу орнының талабына сәйкес келген жағдайда қабылданатын болады. Бұл жерде басымдық олардың білім деңгейіне берілмек.
Десе де өзге оқу орнына ауысу жағдайы студенттердің өзіне байланысты болмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!