Депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұстаздарды қорғайтын жаңа заң дайындалып, үкіметке жолданғанын айтты. Мұғалімдер өздеріне артылған бірқатар міндеттерден арылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аймағамбетов мұғалімнің мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керегін ескертті.
“Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Vемлекет басшысы тағы да баса айтты. Біз, депутаттар, “Педагог мәртебесі туралы” заңға түзетулер әзірлеп, үкіметке жолдадық”, – деді депутат.
Мұғалімдерден қандай міндеттер алынады?
1.Есеппен күрес
Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді: Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс.
2.Блог жүргізу
Instagram / Facebook желісін тек өз қалауымен жүргізеді. Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек еркімен. Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес.
3.Жауапкершіліктің айқын шегі
Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Біз “Мұғалімге тән емес функциялар” деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық.Олар – заңдар мен еңбек туралы келісімшартта көрсетілмеген жұмыстың бәрі.
4.Мектеп – ата-ана келісімі
Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады.
5.Шынайы қорғаныс
Педагог мәртебесін бұзу үшін айыппұлдар күрт өседі. Бұған қоса, заңға “мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылық жасауға мүлдем жол берілмейді” деген норма енгізілді.
“Біз, депутаттар, өз қадамымызды жасадық: Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен педагогтердің ұсыныстары негізінде арнайы түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз. Бұл бастаманы қолдасаңыздар – бөлісіңіздер. Құттықтаймыз. Қорғаймыз. Заңмен бекітеміз”, – деп Асхат Аймағамбетов ұстаздарды мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!