Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушыларымен кездесті.
Жиында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу орнының ғылыми әлеуетімен таныстырды. Білім ордасының халықаралық байланыстары кеңейгенін атап өтіп, Сеул ұлттық техникалық университетімен (Сеул) Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүзеге асырылатынын айтты.
Кездесу барысында Асқар Жұмаділдаев ғылымды дамыту, жастардың ғылыммен айналысуына қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды. Ұлттық ғылым академиясының әлеуеті, ғалымдардың академияға жұмысқа орналасуы, тәжірибе алмасуы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, ғылыми журналдар шығарып, медиа арқылы оқушылар мен студенттерді ғылымға қызықтыру өзекті екенін жеткізді.
Өз кезегінде ғалымдар ғылыми жоба конкурстарын өткізу және ғылыми мақалаларды жариялау талаптары туралы ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды.
Университетте қазір он мыңнан астам білім алушы бар. Оның ішінде физика-математика бағыты бойынша 621 студент оқиды. Олардың 483-і бакалавриат студентттері, 129-ы магистрант, 9-ы докторант.
Айта кету керек, Қызылорда қаласында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жас математиктер байқауы басталды.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен 1 700-ге жуық үміткерден өтінім тіркелген. Іріктелген 100 қатысушы байқауда бақ сынауда. Дәстүрлі байқау 2014 жылдан бері Қызылорда қаласының жас математиктері арасында өткізіліп келеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!