Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Алғашқы обсерватория немесе аспан әлеміне құштарлық

29.03.2022

1235 0

2021 жылы Қызылорда облысында «Үздік орта білім беру ұйымы» атағын жеңіп алған Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жаңалық жаршысы болудан кенде емес. Сапалы білім беруді мақсат еткен бұл білім ордасының оқушылары да, ұстаздары мен мектеп ұжымы үздіксіз дамуды қолдайды. Бүгінде мектеп қабырғасында оқушылардың білімін жан-жақты жетілдіру мақсатында арнайы кабинеттер ашылды. Оның ішінде республикада алғашқылардың бірі болып мектепте ашылған обсерватория мен киностудия бар.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ашылу салтанатына арнайы қатысқан бұл жаңалық Сыр жұртының назарын аударды. Оқушыларға аспан денелерін зерттеу мен актерлік шеберлігін дамытуға мүмкіндік беретін бұл кабинеттерді оқырманға кеңінен таныстыру мақсатында біз де арнайы көріп қайттық.

Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі 2021-2022 оқу жылынан бастап «физика-астрономия бағытындағы мектеп» статусын алған. Осыған байланысты мектеп оқушыларын аспан әлемін зерттеуге байланысты ғылыми жобаларға қатыстыру жоспарланып отыр. Сол мақсатта білім ордасында биыл арнайы зерттеу құралдарымен жабдықталған обсерватория ашылды. Мұнда білім алу­шылар телескоп, процессор, спектроскоп, арнайы призма мен «Vive pro 2» виртуалды шлемі секілді құрал-жабдықтармен жұмыс істей алады. Қазіргі кезде оқушылар ғылыми жобаларға дайындықтарын бастап, бірнеше зерттеу жұмысын атқарып та үлгерген.

– Бұл кабинеттегі жұмыстар арнайы пәндерден бөлек қосымша курс ретінде өтеді. Мұның жұмысын оқушыларға мектептің физика пәні мұғалімдері жүргізуде. Жалпы аспан денелерін зерттеу орталығы облыс бойынша Байқоңырда және бізде бар. Ендігі кезекте мамандарымызды қосымша республика көлемінде арнайы оқыту курстарына жіберіп, білімдерін жетілдіру жоспарда бар. Аспан әлеміне деген оқушылардың қызығушылығы ерекше, жоғары деңгейде. Қазіргі таңда біздің мектептің 5 оқушысы мен 1 жетекші Алматыдағы «Бөбек» орталығында обсерватория мен робото­техникаға байланысты оқу курсында білім алуда, – деп мектеп директоры Бек Сұлтанбекұлы қуанышты жаңа­лығымен бөлісті.

№264 мектеп-лицейдің басты мақсаты – дарынды да білімді шәкірт тәрбиелеу. Бұл мақсатта мектепте «киностудия» кабинеті жұмыс істейді. Мұнда оқушылар арнайы сұхбаттар, мектеп жаңалықтарын және кино түсіре алады. Бұл өз кезегінде журналистика, актерлік саланы таңдауды мақсат еткен жоғары сынып оқушыларына зор септігін тигізбек. Сондай-ақ мектеп ішінде түрлі рөлге байланысты кастингтер де ұйымдастырылып тұрады. Алдағы уақытта, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай алғашқы жобаларын, «Анаға апарар жол» фильмін көпшілік назарына ұсынуды көздеп отыр. Мектеп киностудиясы камера, жарық беру құрылғылары, монтаждау компьютері мен хромакей секілді арнайы құрылғылармен жабдықталған.

Одан бөлек, үздік мектеп биология бағытындағы жұ­мыстарды да жандандырған. Мәселен, емдік шөптерді, көкөніс пен дәнді-дақыл, бөлме өсімдіктерін өсіруге арналған «Bio Flowers» кабинетінде жетекші Айгүл Исаеваның көмегімен оқушылар зертханалық жұмыстар жасай алады.

– «Bio Flowers» үйірмесінде біз оқушылармен тұқым мен өсінділерді егеміз. Оқушылар сабақтан тыс уақытта өздерінің еккен өсімдіктерін келіп суарады, зертханалық жұмыстар барысына қолданады. Бұл жерде біз Қызылордада өсетін өсімдіктердің барлығын егіп, өсіруді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек бұл кабинеттен оқушылардың пайдалы, емдік мақсатта қолданылатын өсімдіктердің түр-түсін көріп, кеңірек біле алады. Алдағы уақытта жас флористердің білімін жетілдіріп, байқауларға қатыстыруды да көздеп отырмыз, – дейді үйірме жетекшісі Айгүл Сейданқызы.

Бұл кабинеттің бір ұтымды тұсы – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мол көмегін тигізе алады. Осы жерде зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы олар әр өсімдікке қандай күтім керегін, оларды күтіп-баптау ережесін меңгере алады. Ал бұл өз кезегінде болашақта арнайы бөлме гүлдерін өсіріп, білімін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік сыйлайды.

Сонымен қатар Гүлзат Шалдыбаева оқушыларға «Bio Master» үйірмесінде өңірде мекендейтін жануарларды қатырып, өсетін өсімдіктерден гербарий жасай алады. Алғашқы кезеңде оқушылар жетекшімен бірге балықтарды, көгершін, дала үйректері мен қояндарды қатырған. Сондай-ақ өңір өсімдіктерін кептіріп, гербарий жасаған. Алдағы уақытта Жаңақорған ауданындағы арнайы мекемемен келісім-шарт жасасып, мұндай бағыттағы жұмыстарды жандандыру жоспарда бар. Бүгінгі күннің өзінде ол мекеме мектеп мамандары мен оқушыларға қабан мен қырғауылды қатыру арқылы шеберлік сағаттарын өткізген.

Ал балықтар, бақа-шаян, құрт-құмырсқаларды оқу­шылар жетекшілермен бірге ұстап, сатып алып қа­тырған. Қазірге кезде оқушылардың қатырған жануар-жәндіктерінің, өсімдіктердің гербариінен мектептің зерт­­ханасы жасақталған.

№264 мектеп-лицейі шаһардағы инклюзивті білім беру­де алдыңғы шепте тұрған білім ордасының қатарында. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін 92 оқушы білім алады. Олардың ішінде аудандардан арнайы келіп оқитын оқушылар да бар. Ерекше балаларға білім беруден бөлек емдік шараларын жүргізу мақсатында қаңтарда емдік дене тәрбиесі кабинеті ашылды. Арнайы құрал-жабдықтары бар кабинетте балалар түс танып, танымдық әрекеттерді жүзеге асырады. Бір ерекшелігі, бұл кабинеттердегі жиһаздар мектептегі еңбек пәнінің мұғалімдерінің қолынан шық­қан. Яғни өз өнімін қолданады.

Негізінен Тәкей Есетов атындағы мектеп шәкірттеріне дарынды әрі білімді ұстаздар сабақ береді. Мәселен, тарих пәнінің мұғалімі Қанат Ақпанов оқушыларды өткенмен таныстырып қана қоймай, ұлттық қолөнерге де баулып келеді. Алдағы уақытта мектептің бір бұрышынан көрме ашу жоспарда бар, дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Оқушыларды рухани байыту және еңбекке баулу мақсатында мектеп ішінде қолөнер бұйымдарын жасау бойынша байқау ұйымдастырылады. Ал оған қатысқан оқушылардың қолөнер бұйымдары мектеп көрмесіне қойылып, көпшілік назарына ұсынылады. Қазірдің өзінде көрмеде әшекей бұйымдар, тоқыма және ағаштан жасалған мүсіндер орналастырылған. Көздің жауын алатын ұлттық бұйымдар, сан түрлі макет пен ұлы тұлғалардың бейнелерін күйдіріп салған портреттері де осы жерден орын тапқан. Көрмені көруге келген адам ерекше өнерге тәнті болғанымен қатар рухани демалып, өнерге деген қызығушылығы еріксіз артады.

Одан бөлек мектепте көркем сурет пәнінен сабақ беретін Нұрлан Мәжіхановтың көр­кемсурет галереясы ұйымдастырылған. Қылқаламды серік еткен ұстаздың қолынан шыққан суреттер және шәкірттерінің еңбектері ілінген.

Өңірдегі ең үздік білім ордасы атанған №264 мектеп-лицейде оқы­ғы­сы келетін шәкірт көп. Биылғы оқу жылының өзінде 3600 баламен бастаған мектепте оқу жылының  жартысында қосымша 230-дан астам жаңа оқушы келген. Олардың ішінде қаланың шет аймағынан қатынайтын оқушылар бар. Бұл оқушыларға тасымал ұйымдас­тыру маңызды. Бұған дейін мектеп алыстан қатынайтын оқушыларды тасымалдау үшін автобус пен газель пайдаланып келді. Де­генмен бұл да оқушыларды тасы­малдауға аздық ететін.

Бүгінгі күннің өзінде №264 мектеп-лицейге Сабалақ пен Эдельвейстен 600-ден астам оқушы қатынап оқиды және оқушылар саны жыл сайын артуда. Олардың қауіпсіздігі үшін тасымал ұйым­дастыру аса қажетті. Алайда мектеп балансындағы көліктер аздық ететіндіктен өткен жылы мектеп Жапон елшілігі арқылы ұйымдастырылатын «Шөп тамыры» жобасына қатысты.

Шетелден келген арнайы комиссия оқушылардың келіп-кету аймағын, мектептегі оқушылар санын бақылаған. Алғашында мектеп ұжымы 1 автобусқа өтінім тастағанымен, жоба жетекшілері мектепке автобус пен шағын автобусқа қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған. Осылайша №264 мектеп 21 ақпанда «ПАЗ» автобусы мен «Газель» көлігін алуға грант ұтып алған. Қазіргі таңда автобус мектеп игілігіне қызмет етуді бастады. Алдағы күндері «Газель» де оқушылар тасымалын ұйымдастырушылар қатарын толықтырмақ. Бұл көліктер оқушыларды күнделікті үш мезгіл тегін тасымалдайды.

Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің басты мақсаты – сапалы әрі қолжетімді білім беру. Оқушылар білім алып қана қоймай, білімдерін жан-жақты жетілдіру үшін жағдай жасау аса маңызды. Мұндай жағдай №264 мектеп-лицейде жасалғанына ешкімнің таласы болмасы анық. Бұған өткен жылы оқушылардың ғылыми-жоба бойынша республика деңгейінде 6 рет жеңімпаз атанғаны дәлел. Сонымен қатар бұл көрсеткіш деңгейі биыл артып, 3 оқушы республикада жеңімпаз атанса, мектептің бір оқу­шысы халықаралық жарыста жүлделі ІІ орынды қанжығаға байлап қайтты.

– Біздің мектепте қаланың шет аймағынан, басқа шағын ауданнан келіп оқитын оқушылар көп. Олардың ата-аналары да балаларының осы мектепте білім алғанын қа­лайды. Себебі соңғы уақытта оқушылардың білім деңгейі, жетістіктері жыл сайын артып келеді. Бұл әрине, ұстаздар қауымының еселі еңбегі. Сонымен қатар оларға бар мүмкіндікті жасау маңызды. Ұстаз бен оқушыға жағдай жасаса, білімге құштарлық артады. Мектепте жабдықталған кабинеттерден бөлек қабырғаларда арнайы стенділер, та­нымдық ақпараттар, дәлізде орналасқан орындықтар бар. Мұның барлығы оқушыларға оң септігін тигізеді. Олар қоңырау уақытында да пайдалы іспен ай­налыса алады. Мұ­ның барлығы оқушының білім алып қана қоймай, өзара біл­генін бө­­лісуіне, тақы­рыпты талқы­­лауына жағдай жасай­ды. Міне, сол себеп­тен біздің мектеп ұжымы мектептің дизайны секілді кішкене заттан бастап арнайы ка­бинеттер жасақтау секілді мәселелерге ерекше көңіл бөледі, – дейді мектеп басшысы Бек Тумырзаев.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: