Сенбі, 21 желтоқсан, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Алтын балақайдың» кішкентай тұрғындары

04.01.2024

647 0

Сурет. Нұрболат Нұржаубай

Талсуат ауылына арнайы ат басын бұрып барғанда бізді өзінің тартымдылығымен баурап алған тап-тұйнақтай, жып-жылы ұядай бақытты балалар мекені «Алтын балақай» бөбекжай-балабақшасы болды. Жеке кәсіпкер Бағила Күстбаева жеке қаражатымен ашқан балабақша балақайларды өзіне тартатын безендірілуімен, түрлі ойыншықтарымен өте үйлесімді көрінді. Бейнебір ертегілер патшалығында жүргендей жүздері балбұл жанған бөбектер осы ғимараттың қожайынындай өздерін тым еркін ұстайды. Тәрбиешілері де жұдырықтай жүрегін шаттық кернеген балапандарға тәрбие беруден әсте жалықпайтыны көрініп тұрды. Қолмен жасалған тәрбиелік құралдарды тәрбиеші өзі таныстырып шықты.

Бүлдіршіндер түрлі тақпақ айтып, ән шырқауда. Жатын бөлмелер де, асхана да тап-таза, мұнтаздай. Тіпті ауылда мұндай балалардың базарлы шағына арналған бөбекжай бар екенін бұл ауылға сапарламасақ білмес те едік. Балабақша құрылтайшысы Бағила Еркінболқызын әңгімеге тарттық.

– Кішкентай балапандарға шаттық сыйлауды үлкен бақыт деп білемін. Бұл менің ашқан үшінші балабақшам. Ауыл балалары да қамқорлықтан құралақан қалмауы керек деп ойлап, біраз балаларды отбасы жағдайына қарай тегін қабылдап жатырмын. Жомарттық – халықтың бойына сіңген асыл қасиет. Балалар бақытты болса, үлкендердің де көңілі тоқ болып, уайымдамай өз жұмысын атқарады. Тәрбиешілер кішкентай бөбектердің өз-өзіне қызмет ету дағдысын қалыптастырып, мектепке дайындайды. Баланың шат күлкісінен шаршағаныңды лезде ұмытып кетесің. Сондықтан бұл жұмыспен айналысқаныма еш өкінбеймін. Кішкентай құлыншақтар аман болсын, – дейді кәсіп иесі.

Жақұттай жәудіреген қаракөз балапандармен біз де қимай қоштастық. Әр бала балалықтың бал дәмін татып, еркін қанат қағып өссе үлкендер үшін бақыт деген сол емес пе?!

 Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: