Бүгінде өңірде мемлекет пен жеке бизнес секторының арасында тығыз байланыс орнағаны белгілі. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде білім саласында жағымды жаңалықтар көбейіп келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында 20 жеке мектеп қызмет көрсетеді. Сол игілікті істердің жалғасы ретінде «Bаiterek School» мектебі есігін айқара ашты. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған білім ошағы қаламыздың Шанхай мөлтек ауданынан салынған.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары қатысты.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары қатысты.
Мұндағы оқу процесімен танысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасын ашуға ниет білдірген жанашыр меценатқа алғысын жеткізді.
– Адами капиталды дамыту сол арқылы білім саласын жетілдіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше тоқталып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» – деп атап өтті. Бұл бағытта Сыр өңірінде қарқынды шаралар атқарылатын болады. Биылдың өзінде 4350 орынға арналған 6 мемлекеттік, 3 жеке мектеп пайдалануға берілуде. Алдағы үш жылда аймақта 32 мектеп салынса, оның 12-сі жеке мектеп. Осы мектептен шыққан түлектер Сыр өңірінің атын әлемге танытатын, өзіндік дара қолтаңбасы бар лайықты азамат болып тәрбиеленсін!, – деді Н.Нәлібаев.
1500 орындық білім ордасында 120 педагог және 30 техникалық қызметкер бар. Бүгінгі күні мектепте 720 оқушы білім алады. Мұнда өрендер үшін барлық жағдай жасалған. Олардың демалатын, тамақтанатын орны, сабақ оқитын кабинеттері талапқа сай жасақталған.
– Мектеп 1 ауысымдық оқумен қамтылған. Әр сыныпта 24-25 оқушы бар. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы балаларынан шыққан 187 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Заманауи үлгіде салынған мектеп жаңа үлгідегі оқу кабинеттермен, панель тақталарымен және STEM лабораториясы және физика, химия, биология, ал технология ұлдар, қыздар кабинеттерімен жабдықталған. Ақысыз негізде қазіргі уақытта 530 оқушы бар. Мектепте жаратылыстану математика бағытында тереңдетіліп окытылады, – дейді «Bаiterek School» мектебінің директоры Бақытжан Иманбердиева.
«Келешектің кілті – білімді ұрпақтың қолында» деген қағидат біздің аймақта берік қалыптасқан. Міне, соның дәлелі – тағы бір жаңа мектеп ел иігіліне берілді. Елдің болашағы – балалар заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!