Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды.
Офлайн форматта «USTUDY» тестілеу орталығы базасында өтіп жатқан білім бәйгесінің ІІ кезеңіне облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова келіп, оқушыларға сәттілік тіледі.
«Биылғы олимпиада «Бір қатысушы, бір компьютер, бір камера» форматы бойынша жүргізілуде. Ашықтықты бақылау үшін мүдделі емес үшінші тұлғалар – «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінен, «Адалдық алаңы» мүшелері мен «Дарын» республикалық орталығының жауапты қызметкерлері қатысуда. Айта кетейін, өткен жылы олимпиадаға 56 оқушы қатысып, 26 оқушы жүлделі орынға ие болған болатын. Биыл да осы көрсеткішіміз жоғары болады деген сенімдемін. Оқушыларға сәттілік тілеймін», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Білім сынағына облыс көлемінде жалпы 14 пән бойынша 83 оқушы және Назарбаев Зияткерлік мектебінен 2 оқушы қатысуда. Ал тестілеудің алғашқы күніндегі жаратылыстану-математикалық бағытындағы ІІ кезеңге 22 оқушы бақ сынауда.
Айта кетейік, білім бәсекесі 18-23 сәуір аралығында өтеді. Олимпиаданың өткізілу барысы тікелей эфир арқылы YouTube желісінен қадағаланып, Syr-daryny.kz сайтында жариялануда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!