Алматы облысына қарасты Тұздыбастаудағы № 13 орта мектеп ата-аналары асханада «қоқыстағы тамақты қайта жылытып береді» деп шағымданды. Олар тіпті тамақтану орнынан мерзімі өткен 60-қа жуық айранның анықталғанын айтты.
Ата-аналар мектеп басшылығымен бірге комиссия құрған. Айранның аузы ашылмай жатып, ішуге жарамсыз болып қалғаны бәрінің таңданысын туғызған.
«Біз асханаға шағымданғанбыз, былтыр да шағым айттық. Ата-анада барлық сурет бар. Бәліштердің, пиццалардың іші қандай, сырты қандай, бәрінің сурет бар. Былтыр ешқандай шара қолданылмады. Жалға алған аспаздар биыл қайтадан жұмыс істеп жатыр. Биыл да айраннның мерзімі өтіп кеткен. Мен итке ондай айран бермеймін. Неге балалар ішуі керек? Үкімет балаға ақша бөлді, дұрыс тамақ берілсін», – деді ата-ана Эльмира Шойбекова.
Ал тағы бір ата-ана бұл былық туралы директор да білетінін айтты.
«Мерзімі өтіп кеткен айранды таптық. Акт жасалды. Бір айттық, екі айттық ешқандай комиссиядан қорықпайды. Директор бұл туралы біледі. Бірақ нәтиже жоқ», – деді ата-ана Мадина Сапарова.
Аспаздардың айтуынша, мерзімі өтіп кеткен айран тоңазытқышта тұр, ал басқасына тапсырыс беріп үлгермеген.
«Пакетке саламын да шығарып тастаймын. Оны қыздар «обал, таза ғой» деп тоңазытқышқа салып қойған. Мен байқамай да қалыппын. Мерзімі өтіп кеткен айран тоңазытқышта тұр, ал басқасына тапсырыс беріп үлгермедім. 60 қораптағы айранды шығарып тастадық, балаға берген жоқпыз», – деді аспаз Назира Қилыбаева.
Ата-аналар асханада қоқыстан шыққан тамақты қайта жылытып беруі мүмкін деген айып тағып отыр. Ал мектепте күніне 1400 бала асханадан тамақтанады.
Білім ордасының басшылығы олқылықтан хабардар. Бірақ білім бөліміне хат жазумен шектелген.
«Акт жасалып, 7 адамнан құрылған комиссия, ата-аналар қол қойылды. Білім бөліміне ескертілді», – деді № 13 орта мектептің директоры Мадияр Азанбаев.
Талғар ауданы білім бөлімінің бас маманы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Тұздыбастау ауылындағы №13 мектептегі кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Асхананы жалға алушы медігермен сөйлестік», – деді Талғар ауданы білім бөлімінің бас маманы Гүлім Қайратқызы.
Ақпарат дереккөзі:massaget.kz
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!