Жуырда Ресей Федерациясы Мәскеу мен Алтай Республикасы Барнаул, Горно-Алтай қалаларында «Новое поколение» және «Россотрудничество» ұйымдарының ұйымдастыруымен «Азия елдерінің жаңа жас көшбасшылары» атты жастарға арналған ғылыми форум өтті. Форумға 13 елден 155 үміткер, оның ішінде тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен жаңа көшбасшы жастар қатысты.
Аталмыш форумға арнайы шақырылып, іріктеуден өткен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті музей меңгерушісі, экономика және басқару білім беру бағдарламасының оқытушысы Ырза Бекзат Шәкімұратқызы мен “Археология және этнография” ғылыми орталығы ғылыми қызметкері, “Тарих және археология” білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Құрманиязов Ыслам Серікұлы қатысты.
Жастар форумының ашылуы Мәскеу қаласында Ресей мемлекеттік кітапханасында болды. Ашылуда әр елден келген делегаттар өз елдерінің жіберген мекемелерін таныстырды. Сонымен бірге Мәскеу қаласында бірнеше іс шараларға қатысып, әрі қарай Ресей Федерациясының Алтай аймағы, Барнауыл қаласы, Алтай мемлекеттік университетіне аттанды.
Форум жұмыстары әртүрлі ғылым саласы соның ішінде тарих, археология, музеология, география, туризм, халықаралық қатынастар бағыты бойынша болды. Алтай мемлекеттік университетінің «Түркі әлемінің Үлкен Алтайы бірлігі мен тұтастығының тарихы және қазіргі заман» атты кешенді жоба аясында университетттің ғалымдарымен кездесу өтті. Кездесуде Алтай әлемінің тарихы және көршілес Қазақстан тарихы туралы дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Университет жанындағы «Үлкен Алтай» ғылыми оқу орталығы жұмысының нәтижелері тарих, этнография, археология саласындағы жетістіктер жайлы жетекші ғалымдардың көшбасшылық дәрістері тыңдалды.
Форум аясында Алтай Республикасы аумағындағы музейлер және Манжерок тауына туристік турлар ұйымдастырылды. Турға қатысушы делагаттар аймақтағы әр түрлі ұлттардың диаспорасымен кездесті. Одан әрі Алтай аймағында қазақ диаспорасының мерекелік концерттері, салт дәстүрлеріне қатысты дөңгелек үстел өтті. Форум нәтижесінде шет елден келген жас ғалымдармен ғылыми байланыс орнатылып, болашақ жоспарлары талқыланды. Бір аптаға созылған шара соңында форум қатысушыларына арнайы сыйлықтар мен сертификат табыс етілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!