Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзі білім алған ҚазҰУ қалашығына барып, достарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халық қалаулысы белгілі білім ордасына баратын жолды сынады.
“2009 жылы ҚазҰУ-дың 75 жылдығы кезінде осы тастар төселіп жатыр еді. Арада 15 жыл өтіп, бәрі қирап, сынып жатқан жайы бар. Бәрі ашылып, босап кеткен. Ректорат қайда қарап отыр?! Ал қазір қарашаңырақтың құрылғанына – 90 жыл. Білім алуға келген әрбір жан осы жолмен жүреді. Өкінішті”, – деп жазды депутат.
Еске салайық, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет түлектері резидентураға түсе алмай тығырыққа тірелгенін жазған едік.
“Бір жылдық интернатураларыңыз жарамсыз, екінші жыл барып оқып келіңіздер” деп отыр. Диплом қолдарында, мемлекеттік үлгіде. Диплом мемлекеттік құжат, оны қоқысқа тастап, екінші жыл оқи берейік деген нәрсе дұрыс емес, процедура бұзылады, заң бұзылады”, – деген еді университет түлегі Айдана Пазылбек.
Ұлттық университетті келер жылы тәмәмдайтын 80 студент де қазірден дабыл қағып отыр. Өйткені резидентураға түсу бұларға аса маңызды. Оны оқымаса, нақты бір салаға бейімделген маман бола алмайды, тек тәжірибелік дәрігер болып қалады екен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!