Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бала тәрбиесіне мұғалім ғана жауапты ма?

15.03.2022

944 0

Әлеуметтік желі тағы да шулады. Бұл жолы оқушы ұстазға жекіді. Жай, жекіп қойған жоқ. Балағаттады. Әлеуметтік желі арқылы тараған осы бір сәт қоғамның қызу талқысына түсті.

Анығын айтсақ, Алматы облысының Талдықорған қаласындағы №4 мектепте 9 сынып оқушысы мұғалімге дауыс көтерген. Өзін-өзі ұстай алмай елерген оқушы ұстазын балағаттаған. Мұғалімнің сөзін ұқпай артық әрекетке барған оқушыға қатысты Талдықорған қаласының полиция бөлімі іс қозғады.

Қоғамды дүр сілкіндерген жағдайға байланысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түсінік берді. Олардың айтуынша, оқушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.

– Кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеттері үшін ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған. Осы жағдайға байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету туралы мәселе де қаралады, – деген минстрлік түсініктемесінде.

Иә, оқиғаны көргендер пікірі екіге жарылды. Баланы тәрбиесіз деп сөккендер де кездесті. Алайда еш ата-ана балам жаман болсын демейді. Өзгенің баласын сынауға құқымыз да жоқ. Дегенмен жасөспірімнің ұстазына жекуіне не себеп болды екен? Соны саралаған дұрыс.

Өтпелі кезең жасында тұрған баланы тәрбиелеу қиынның қиыны. Мұндай уақытта бар міндетті ұстазға итеріп қоя салуға болмайды. Жауапкершілік кілтін әке мен ана да сезінуі қажет.

– Ана баласына өмір сыйласа, ұстаз – адам баласына ізеттілік, әдептілік нұрын себеді. Ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі көріністен оқушы үшін ұстаздың мәртебесі төмен екенін аңғаруға болады. Біз де арқаны кеңге жайып, бар мәселеге мұғалім кінәлі деп отырамыз. Сонымен қатар бүгінгінің балалары өз дегенімен жүргісі келеді. Ата-анасы да қыруар тірліктің ізінде жүріп, оған көңіл бөлуге уақыты болмайтын шығар. Бар кінәні мұғалімнен көрмей, жауапкершілікті ата-ана сезінуі қажет. Қоғамның түрлі сәттерінде бала қиындыққа тап болуы мүмкін. Ұлдың тәрбиесімен айналысатын әке азайды. Әкенің көзқарасынан қорқатын бала жоқ. Тәрбиенің тізгінін ер азаматтар алуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер» деген. Кінәлі адамды іздеп уақыт өткізбей ұрпақ тәрбиесін қолға алғанымыз жөн болар, – дейді көпбалалы ана Нұргүл Сыздықова.

Бүгінгінің өзекті мәселесін зерделеп қарасақ, бала психологиясы деген сылтау табылды. «Балаға сөйлеуге, ұруға болмайды» деген қағида қайдан шыққан?. Жастардың мінез-құлқындағы жағымсыз қылықтарын жөндеуге бірлесіп күш жұмсау керек. Тәрбиенің тізгінін қолға алатын уақыт жетті.

Қит етсе мұғалімді айыптауға дайын тұратын жаман әдет пайда болды. Осындай жағдайлар ұстаз дейтін ұлы ұғымның қадірін төмендетіп жібергендей. Мұғалімге деген зор құрмет артуы тиіс. Қай кезде де қошемет көрсетілсін. Баланың сөзін сөйлеп, ұстаздың қадірімен бірге қоғам қадірін кетіріп алмайық. Өз баласын мектеп, мұғалім үшін өсіріп отырғандай міндетсінетіндер де жеткілікті. Тәрбие тізгінін ата-ананың жауапкершілігін арттырудан бастау қажет. Сонда ғана мұғалімнің қадірі артады.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: