Ақтаудағы балабақшада 12 балаға бар-жоғы төрт тәрелке тамақ берілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтау қаласындағы №29 балабақша тәрбиелеушілерінің балаларды тамақтандырып жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видео әлеуметтік желіде жарияланды.
Ата-аналарының айтуынша, 12 бүлдіршінге таңғы асқа тек бес порция, ал кешкі асқа төрт порция тамақ берілген.
«Үлгергендер тәрелкені алып алды, ал үлгермегендер басқалардың тамақ ішіп жатқанына қарап отырды», – дейді ата-аналар.
Сондай-ақ тағы бір ана басшылық ауысқан соң мекемедегі балаларға деген көзқарас өзгеріп, баласын басқа балабақшаға ауыстыруға мәжбүр болғанын атап өтті.
Қалалық білім басқармасы бұл факті бойынша арнайы комиссия құрылып, дүйсенбі, 1 шілде күні тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!