Дүйсенбі, 25 қараша, 00:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Балабақшаларға жаңа талап енгізілді: Қызылорда дайын ба?

22.11.2022

1017 0

Келесі жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі өзгермек. Жаңа талапқа өңірегі балабақшалар қаншалықты дайын? Осы және өзге де сұрақтар аясында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің әлеуметтік сала комитетінде жиын өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, комитет мүшелері Әнуар Дәуленбаев, Гүлнар Бекмырзаева, Наталья Мишукова және Серік Жолболдиев пен аймақтағы балабақша құрылтайшылары, уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 27 тамызында оқу-ағарту министрінің №381 бұйрығымен «Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге, балаларға қосымша білім беруге және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидалары» бекітілген болатын. Жиында осы қағидаларды облыс аумағында жүзеге асыру мәселелері қаралды.

«Қазір біздің облысымызда 679 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 441-і жеке балабақшалар. Осы жеке және мемлекеттік балабақшаларда 59 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Талап қойылғаны дұрыс. Дегенмен жылдың аяқталуына бір айдан аса уақыт қана қалды. Жеке балабақша иелері қағидаға сәйкес дайындалып үлгере ме? Мәселе сонда. Сол үшін комитет аясында осы шараны өткізіп отырмыз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Сондай-ақ, жиында Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсембай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібін таныстырып, әр талаптың орындалу механизмдерін түсіндірді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, қалалық төтенше жағдайлар, мемлекеттік өрт бақылау басқармаларының, қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері де сала бойынша балабақшаға қойылатын талаптарды айтып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Кәсіпкерлер көтерген мәселенің бірі әрі маңыздысы балабақша ғимаратына қатысты болды. Себебі жеке балабақша иелерінің басым бөлігі ғимаратты жалға алады. Көп жағдайда жер учаскесі мен ғимараттың иесі нысаналы мақсатын өзгертуге келісім бермейді. Олар мұндай әрекетін өзгертуге кететін қаржы мен құжат әзірлеу мерзімінің ұзақтығымен байланыстырады.

Айта кетерлігі, бұл мәселе жақында өңірде бизнестің экожүйесі аясында құрылған кәсіпкерлік мәселелеріне арналған жұмыс тобында да қаралды. Нәтижесінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткеннен кейін кадастрлық құнына сәйкес сатып алу қаржысын бөліп төлеу мүмкіндігін барлық кәсіпкер пайдалана алатын болды. Ол үшін қазір уәкілетті органдар мен Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: