Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Баланың виртуалды әлемін бақылайсыз ба?

16.03.2021

2756 0

Ақпарат пен технология дамыған заманда оған тәуелдіміз. Жасы да, жасамысы да смартфон ұстап, ғаламторға телмірген уақыт. Заман талабына икемделген дұрыс-ақ, бірақ оның шырмауынан шыға алмай қалсақ ше?

Жалпы телефон құрылғысының зияны туралы жиі айтылады. Байланыс құралы аталғанымен мүмкіндігі шексіз техникадан бас көтеру мүмкін емес. Тіпті оған қанша уақытты сарп ететініміз де белгісіз. Ойын бөлмесең алаңсыз шұқшиып отыратындар бар. Әсіресе балалар сағаттап емес, тәулік бойы телміруге, тіпті ас-суын ішпеуге де бар. Бұл бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Себебі ата-аналар балаға телефон ұстатып еркіндік берудің салдарын сезінуде. Қазір балалар арасында көз, буын, жүйке жүйесі ауруы көбейгенін айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Әсіресе жүйке жүйесі ауруы белең алған.

Тәуелділік түрлі аурудың бастамасы

Қазір қашықтан оқу кезінде сабақ барысы телефонмен өтуде. Бұған дейін баланың мектепке ұялы байланыс құралын апаратыны да жасырын емес-ті. Десе де, шектеу болған екен. Қалалық білім бөлімінің психологиялық қызмет бөлімінің әдіс­кері Гулзия Опабекова қалыпты оқу кезінде оқушының сабақ барысында телефон ұстауына рұқсат етілмегенін айтады. Тіпті, ұстаздар та­рапынан қатаң қадағаланатын дейді. Ал, қазіргідей қашықтан оқу кезінде оқу үдерісі смартфон арқылы өткізілуде. Сондықтан оқушылардың телефонға телміруі қалыпты құбылысқа айналған. Жалпы бұл техниканың баланың ой-өрісіне зияны көп дейді психолог маман. Оған жұмыс барысында талай мәрте көзі жеткен.

– Заман ағымына қарай барлығымыз телефонсыз жүре алмайтын халге жеттік. Әсіресе, жасөспірімдердің тәуел­­ділігі жоғары. Бұл негізінен бай­ланыс құралы болғанымен, кей ата-ана оны баласына ойыншық ретінде, өзінің мазасын алмас үшін береді. Ал оның бала психологиясына, ден­саулығына кері әсерін ескере бер­мейді. Смартфонды шектен тыс пай­далану баланың ми құрылысына өте қатты әсер етеді. Одан таралатын электромагниттер өрісі ойлау, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, бас ауруы мен ұйқысыздыққа, көңіл күйдің құлазуына әкеледі. Мұндай баланың жүйкесі жұқарып, депрессияға түседі, – дейді Гүлзия Жүрсінқызы.

Мамандардың айтуынша, жасөспірім­дер атыс-шабыс ойынға қатты қызы­ғады. Мұндай ойындар оларды аг­рессивті күйге жеткізеді. Оған қоса рұқсат етілмеген бейне жазбаларды көрудің салдарынан ерте жыныстық жетілу, қатынасқа түсу, зорлық-зом­былыққа бейім болуы қалыптасады екен. Ең қиыны, телефонға тәуелді баланың ұйқысы қанбайды. Ал ұйқының қанбауы ағзадағы гармондардың бө­лінуін тежейтін көрінеді. Ал бұл өз кезегінде түрлі дертке шалдығуға себеп болады.

Ата-ана бақылау жасай ма?

«Ертелі-кеш телефонға шұқшиып, бас көтермейтін баланың нені көріп, нені қызықтайтынын біле бермейміз. Таңның атысы, күннің батысы тіршілік қамымен жүріп кейде оған көңіл бөлуге мұршамыз келмейді. Дегенмен ешкім баласын жаман болсын демейді ғой. Сондықтан тым құрығанда демалыс күндері телефонын тексеруге мүмкіндік бар» деген Гауһар Ахан есімді ана ұлының смартфон мен компьютерге, ғаламтор желісіне тәуелді екенін жасырмайды.

– Мектеп жасындағы ұлым, 3 жасар қызым мен 1-ге толған балам бар. Ғаламтор, әлеуметтік желіге кіру, түрлі ойындар ойнау ұл мен қызға түк қиын емес. Тіпті 1 жасар баланың өзі телефоннан өзіне керегін тауып алады. Олардың телефонды басқарудағы шап­шаңдығына, игеру қабілетіне таң қа­ламын. Кейде үлкен ұлым көңіл бөлуге мүмкіндігім болмаған сәтті пайдаланып, компьютер алдында тапжылмастан отырады. Тіпті сенің ша­қырғаныңа келмейді, ұрысқаныңа да мән бермейді. Тез ашу­ланып, ақылыңды тыңдамайтын, өзіңе қарсы шығатын кездері болады. Сондай сәтте бұл заманауи техниканың баланың мінез-құлқына қаншалықты кері әсер ететінін байқаймын. Қолдан келгенше бақылауға тырысамын. Себебі қазір небір жамандықтың бәрі ғаламтордан келеді. Жасына сай емес бейнежазба не мультфильмдер көргенін байқасам дереу өшіріп тастаймын, дұрыс еместігін айтамын. Байқағаным, майнкрафт, соник сынды ойындарға қызығады екен. Достарымен бірлесіп ойнайтын ойын­дары бар. Мұндай сәтте дереу компьютерді өшіріп, ойынды тоқтатуға тырысамын. Кейде тыңдайды, кейде ренжісуімізге тура келеді. Есейе келе қызығушылығы басылатын шығар деп те ойлаймын, – дейді ол.

Қалай десек те, заманына қарай адамы деген емес пе? Қазіргі кезде технологияны меңгермесең көштен қаласың. Сәт сайын жаңарған дүние. Оған ілесу керек, онсыз болмайды. Несін жасырайық, бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефонның тетіктерін жақ­сы біледі. Яғни баланың өзі заман талабына сай туған сияқты. Заман ағымы десек те, баланы тым еркінсітудің де шегі болғаны дұрыс сияқты. Осы орайда психолог маман балалармен жұмыс барысында мынадай өзгерістерді байқағанын айтады.

– Оқушылардың қоғамдық іс-шараға қатысқаны, спорттық секцияларға барғаны дұрыс. Бірақ көбі одан қаш­қақтайды. Оларға телефонға үңіліп, уақытын босқа өткізген тиімді көрінеді. Мұндай оқушылармен сөйлескенде мінезінен долылық пен өшпенділікті байқауға болады. Әрине, олар телефонды ұстап тамақтанады, сабағын оқиды, түнгі уақытын да соған сарп етеді. Ең өкініштісі, телефоны бұзылса, не ғалам­торға кіре алмай қалса ашуланып шығады, жанжалдасуға дейін барады. Ата-анасына қоқан-лоққы көрсетіп, боп­салайтыны да бар. Осының бәрі бір құрылғының кесірінен болатын жайт. Сол себепті балаға ата-ана ертеңгі күні опық жемес үшін балаға телефон ұстауға, ғаламторға кіруге рұқсат бергенімен, оған шектеу қоя білгені дұрыс, – дейді.

Шешімі бар

Ресейлік «Лаборатория Касперского» компаниясының зерттеуі бойынша жас­өспірімдердің 92 проценті өздерінің қандай сайтқа кіргенін, қай әлеуметтік желіде отыратынын жасырын ұстайды екен. Ата-анасына күмән туғызбас үшін браузердегі көрген материалды жоюды, құрылғысына пароль орнатуды меңгерген. Тіпті желіге құпия жолмен кіріп, пайдаланатын қосымшасын жа­сыратын арнайы бағдарлама енгізе алады екен. Бір қызығы, Ресейде балаларды ғаламтордағы қауіптерден қорғайтын арнайы орталық бар екен. Орталық мамандарының айтуынша, ата-ана баласын әлеуметтік желі, ғаламторды пайдалана бастаған уақыттан бақылауға алу керек. Себебі уақыт өте келе ол өз ережесі мен тәртібін қалыптастырып, ата-анасын оған жолатқысы келмейді. Сондықтан баламен байланыс жасап, оның қызығушылығына түсіністік танытып, бұрыс жерін дұрыстап отырғаны жөн екен.

Осы орайда ІТ саласының маманымен де тілдескенді жөн көрдік. Технологияны түбегейлі меңгерген мамандардың бұл мәселені ушықтырмай шешудің жолын айта алатыны анық.

– Қазіргі технологияның даму үде­рісінде шек жоқ. Ғаламтор желісінің көптеген мүмкіндік берер пайдасымен қатар зияны да жетерлік. Қауіптің барлығы хаккерлерден келетінін ес­керген жөн. Мәселен, Ресейдің ға­ламтор желісіндегі жасөспірімдерді суицидке итермелейтін оқиғалардың ар жағында осындай хаккерлер тұрған. Алайда елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың порнография бейнежазбасын, діни ағымдағы сайт­тар мен құмар ойындар сайтына кіру­ге шектеу қойылған және ол ҚР заңымен қадағаланады. Сондай-ақ жиі қолданыстағы «google», «yandex» жүйесінің баптауы арқылы шектеу орнатуға болады. Мұны көзіқарақты әрбір ата-ана білуі тиіс, – дейді ІТ саласының маманы Дастан Айтбай.

Болған оқиға ізімен

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде көпшілікті дүр сілкіндірген жағдай болды. Павлодарлық ата-ана 16 жастағы ұлының өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын біліп, тиісті орындарға шағымдану арқылы оны өміріне төнген қауіптен құтқарды. Жасөспіріммен тілдескен психолог оның ғаламтор желісі арқылы белгісіз топқа кіргені, топ жетекшісінің нұсқауымен түрлі тапсырма орын­дағаны, ақыры өз-өзін өлтіру әре­кетіне дейін барғандығын білген. Бастапқыда қызығушылықпен топ қатарына қосылған бала бертін келе жетекшісінің арбауына іліккенін де байқамаған. Салдарынан осындай жағдайға душар болады. Дәл осындай жайт қарағандылық оқушының да басынан өтті. Өкініштісі, оны құтқаруға тым кеш болды. Ата-анасы оны жуынатын бөлмеден өлі күйінде тапқан. Тергеу барысында жасөспірім қыздың «Вконтакте» желісі арқылы «Тихий дом», «Синий кит» сынды виртуалды ойын ойнағаны, онда­ғы тапсырмаларды бұлжытпай орын­дағаны анықталған. Жасөспірім соң­ғы тапсырманы да орындап, ойын жолында өмірін құрбан еткен. Бұл виртуальды ойынның құрбаны оқу­шылар екендігі, әрі арада тез тараған ойын екендігі белгілі болды.

Виртуалды әлемге бақылаусыз кірген балалардың өміріне балта шабылды. Үрейленген жұртшылық балаға бақылау жасады. Уақыт өтті. Мұның бәрі ақырындап ұмытыла бастады. Балалардың телефонға телміруі қайта қалыпқа келді. Әсіресе, қашықтан оқу кезінде оқушының қолынан телефон түскен емес. Баланың сабақтан тыс уақытта ғаламтордан не қарағанын кім біледі? Жалпы сіз балаңыздың виртуалды әлемін бақылайсыз ба?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: