Жұма, 27 желтоқсан, 07:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Батыр қыз атындағы білім ордасы

13.05.2023

1031 0

Алғаш іргесі қаланып, ашылған тұста 200 балаға тәлім берген білім ұясы бүгінде жарты ғасырдан астам уақытты артқа тастаған. Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінде қазіргі кезде 1570 оқушы білім алуда.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағы осы уақыт ішінде талай шәкіртті қанат қақтырып, үлкен өмірге қадам бастырды. Талай шәкіртті тұлға етіп қалыптастырды. Өзіндік мол тарихы бар оқу ордасына еліміз тәуелсіздік алған жылы халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімі берілген екен. Содан бері білім бәсекесінде білікті ұстаздар мен білімді шәкірттерді тоғыстырып келеді.

Іргесі қаланғанына 60 жыл болған бұл мектепке әр жылдары білікті ұстаздар басшылық етті. Олар тек шәкірт тәрбиелеп, білім беруді емес білім ордасының материалдық-тех­никалық базасын нығайтып, оқу­шы­ларға қолайлы жағдай жасау мүм­кіндігін де қарастырды. Осылайша бұл оқу ордасы 1985 жылы осы күнгі көпқабатты ғимаратқа көшірілген.

Бүгінде Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектеп ұжымы ғасыр көшіне ілесіп, білім саласындағы жаңа жүйеге сай қызмет етуді мақсат еткен. Мұндағы  1500-ден аса оқушы білім нәрімен сусындайды. Олар заманауи үлгідегі технологияны пайдаланып, ғылыми ізденістер жасайды. Зерттеулер жүргізеді. Соған сәйкес физика, химия, еңбек технологиясы, мультимедиалық кабинеттер қажетті құрылғымен жаб­дықталған.

Сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеуде 161 педагог аянбай еңбек етіп келеді. Олардың қатарында түрлі деңгейде әдістемелік құралдардың, оқулық авторы, автор­лық бағдарламалардың иелері бар. Қалалық, облыстық дең­гейдегі үздік пән мұғалімдері де осы ұжымнан табылады. Осы орайда басшылық тарапынан көрсетілетін қол­даудың маңызды екенін атап өткен жөн. Білім саласында 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Гүлмира Қоңырбаева ұжымды төрт жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін Абылай хан атындағы №140 мектепке басшылық жасап, баланың сапалы білім, өнегелі тәрбие алуына еңбек сіңірген оның іскерлігін көпшілік жақсы біледі. Білім мен біліктілігінің арқасында «Ы.Алтынсарин» төс­белгісімен марапатталған, «Білім беру саласындағы 100 жаңа есім» жобасына енген, бұдан өзге де лайықты марапат иегері атанған.

– Ұжымды басқарғаныма 4 жыл болыпты. Мектеп ұжымының ауыз­біршілігі мол, өзі ісін сүйетін ма­мандар. Алпыс жылдық тарихы бар білім ордасы ғой. Басшылыққа алғаш келгенде мектепке жөндеу жұмысы қажет екендігін ұқтым. Келе сала қолға алған ісім де сол болды. Солай 2020 жылы білім ошағына мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеу жүргіздік. Айналасын қоршадық. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын қолға алдық. Дегенмен аяқсудың тап­шылығы салдарынан бұл жұмыстар әлі де жандандыруды қажет етеді, – дейді мектеп басшысы.

Бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін ең бастысы – сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Оның кепілі сапалы білімде. Бұл ретте ұстаздарға қойылар талап күшейген. Соның үдесінен шығуда оларға талмай ізденіс керек. Шәкірттерінің қызығушылығын арттыру, алға жетелеу, танымын кеңейту, онымен етене жұмыс жасау қай кезде де мұғалімнің негізгі мін­деті саналады. Үздік атанған әрбір оқушының жетістігінде оның маңдай тері, жылдар бойы еткен еңбегі бар. Сол еңбектің еш кетпегені ол үшін бәрінен қымбат. Осы орайда, мектеп ұжымын абырой биігінен көрсетіп жүрген шәкірттер баршылық. Олар тек қалалық, облыстық емес, республикалық, халық­аралық деңгейдегі білім додаларының жеңімпаздары.

– Білім сапасына баса көңіл бөлу – басты міндет. Мұны ұстаздар қауымына үнемі айтып отырамын. Ұжымда мек­теп мақтанышына айналған білімді, білікті мамандар баршылық. Мәселен, Баян Салходжинова, Алтынбек Қадырбекұлы, Мария Тоқбаева есім­ді ұстаздар «Білім беру ісінің үздігі» атанған. Мұғалімдердің кәсіби білік­тілігін арттыруда түрлі байқауларға қатысып, «Үздік жас маман», «Үздік математика пәні мұғалімі» аталымының иегерлері де біздің ұжымда. Бұдан бөлек оқулық, әдістемелік құралдар авторлары да бар. Оқушыларымыздың жетістігі де қуантарлықтай. Респуб­ликалық «Алтын тобылғы» зияткерлік олимпиадасында әр сынып бойынша қатысқан шәкірттеріміз оза шауып, жүлделі орындарға ие болды. Соны­мен бірге оқушылар «Ақбота», «SAPSAN» сынды республикалық олим­­пиаданың облыстық деңгейдегі жеңімпазы атан­ды.  Ғылыми жоба, түрлі байқаулар мен жыр мүшәйраларына қатысқан шәкірттеріміз үнемі өздерінің білімді, өнерлі екендігін жүлделерімен дәлел­деуде. Сондай-ақ пікірталас алаңдарында бойынша оқушыларымыз аймақта үздіктер қатарында. Спорттық жа­рыстарда да жетістігіміз мол. Мек­тебімізде болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы оқушыларымыз жетерлік, – дейді ұстаздар мен оқу­шылардың жетістігімен бөліскен Гүлмира Рәсілқызы.

Оқушының білім деңгейін артты­ру­да оқытудың жаңа технологиялық әдістерін қолдану өз кезегінде нә­тижесін беріп келеді. Мұны мектеп түлектерінің жеткен жетістіктерінен байқауға болады. Білікті басшы білім ордасын барынша заман талабына сай жабдықтап, мұғалімнің сабақ беруіне, оқушының білім алуына қолайлы жағдай жасауды мақсат еткен. «Алда атқарылатын жұмыс көп, соған сәйкес жоспар да бар деген» мектеп директоры Гүлмира Қоңырбаева кемшін тұстарды да жасырмады.

– Мектеп ауласы өте кең. Соны тиімді пайдалансақ деймін. Жоғары сынып оқушылары мен бастауыштағы балаларға арналған спорттық алаң салсақ деген жоспар бар. Қаржы мәселесі қолдау тапса, жуық арада жүзеге асады деп ойлаймын. Сонымен қатар «Жасыл мектеп» жобасын іске асыру мақсатында жылыжай салуды көздеп отырмыз. Мұны іске асырудың өзіндік талаптары бар. Сол мәселелер шешім тапса, тағы бір мақсатымыз орындалады, – дейді ол.

Былтыр білім ордасының ашыл­ғанына 60, ал Ә.Молдағұлова есімі берілгеніне 30 жыл толған. Бұл мерейлі күнді мектеп ұжымы өз деңгейінде атап өтті. Осы мақсатта мектеп қабырғасынан қазақтың қаһарман қызы Ә.Молдағұлованың мұражайын ашқан. Сондай-ақ батыр қыздың Ақтөбе қаласындағы мемориалдық орталық мұражайымен екіжақты меморандумға отырып, мектеп мұражайын құнды мұралармен толықтыруда.

Білім мен өнерді, спортты қатар алып жүрген өрендердің қоғамда өз орнын қалыптастырары анық. Бұл ретте оқу ордасында спорт және өнер бағытында 17 үйірме мен секция жұ­мыс істейді. Бүгінде оған қатысушы оқушылар волейбол, футбол сынды спорттық жарыстарда қалалық турнир жеңімпаздары. Сонымен бірге домбыра, жас ақындар үйірмесінің өнерпаздары да үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Бала тәрбиесінде тек білім беріп қана қоймай, оны рухани азықтанды­рып, танымын кеңейтуді де көздеген ұжы­м­ның білім бәсекесіндегі бәсі жоғары.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: